Алматыда студент қыз өзіне дене жарақатын салғаны рас па

Фото: Depositphotos
Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде студент қыздың өзіне дене жарақатын салу фактісі тіркелді. Оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды NoFake.kz.
Әлеуметтік желідегі Threads платформасында бұл оқиғаның әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болғаны туралы ақпарат тарады. Жазба авторы жағдайды университетте он күн ішінде екі бірінші курс студентінің қаза табуымен байланыстырып, оқу орнында кешенді тексеру жарияланғанын атап өткен.

Редакция тілшісі Алматы қалалық полиция департаментіне хабарласып, оқиғаға қатысты түсініктеме сұрады.
«Алдын ала мәлімет бойынша, оқу орындарының бірінде студент қыздың өзіне жеңіл дене жарақатын салу фактісі тіркелді. Оған медициналық көмек көрсетілді. Полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады», – деп хабарлады департаменттегілер.
Алайда полиция оқиғаның нақты қай оқу орнында болғанын және оған не себеп болғанын ашып айтпады. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Бұған дейін ҚазҰУ-де 6 қараша күні журналистика факультетінің және 16 қараша күні география факультетінің студенттері қайтыс болған еді.


