NoFake

Ұшақта жолаушы үстіндегі киімнің салмағына шектеу бар ма — Әуекомпания түсіндірді

Ұшақта жолаушы үстіндегі киімнің салмағына шектеу бар ма — Әуекомпания түсіндірді

Фото ЖИ көмегімен жасалған

Әлеуметтік желіде әуежайда қабат-қабат киінген әйелдің видеосы қызу талқыланды. Желі қолданушыларының бір бөлігі мұны артық жүкке ақы төлемеудің амалы деп қабылдады. NoFake.kz редакциясы Air Astana әуекомпаниясына ресми сауал жолдап, жолаушының бірнеше қабат киім киіп ұшаққа мінуіне шектеу бар-жоғын анықтады.

Желіде тараған видеода әуежайда тұрған әйелдің үстіне бірнеше қабат киім кигенін көруге болады. Жазба көпшіліктің назарын аударып, түрлі пікір туғызды. Бірі әйелдің тапқырлығына таңданып, қосымша багаж үшін ақша төлемеудің тиімді жолын тапқанын айтса, енді бірі оның осынша киіммен ұшақ орындығына қалай отыратынына алаңдаған.

Осыдан кейін редакция тілшісі еліміздегі ірі әуекомпаниялардың біріне хабарласып, жолаушылардың киіміне қатысты талаптарды, әуежайдағы тексеру тәртібін және қандай жағдайда рейске жіберілмеуі мүмкін екенін сұрады.

Ұшақта қабат-қабат киінуге шектеу бар ма?

Әуекомпанияның корпоративтік коммуникациялар департаменті редакция сауалына берген жауабында жолаушылардың киіміне қатысты ережелерді түсіндірді.

«Біздің компания ережелерінде жолаушының қанша қабат киім киюіне болатыны жөнінде арнайы шектеу жоқ. Алайда жолаушылар сатып алған билетінің тарифіне сәйкес қол жүгі мен багажды тасымалдау талаптарын сақтауға міндетті», – делінген ресми жауапта.

Әуежайда артық киімді шешуді талап ете ала ма?

Жолаушының үстіндегі киім саны әуежайдағы тексеру тәртібіне де әсер етуі мүмкін. Сондықтан қауіпсіздік қызметкерлерінің мұндай жағдайда қандай шара қолдануға құқылы екенін нақтыладық.

«Барлық жолаушы Қазақстан Республикасының заңнамасында және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) стандарттарында көзделген авиациялық қауіпсіздік пен ұшу қауіпсіздігі талаптарын сақтауға міндетті. Ұшу алдындағы міндетті тексеру кезінде әуежайдың авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері қажет болған жағдайда жолаушыдан кейбір киімдерін шешіп, қосымша тексеруден өтуді талап ете алады», – деп түсіндірді компания өкілдері.

Әуекомпания ұшаққа отырғаннан кейін де жолаушыларға қойылатын талаптар бар екенін атап өтті.

«Ұшақ бортында жолаушылар қауіпсіздік белдігін дұрыс тағуға, салон ішінде еркін жүріп-тұруға кедергі жасамауға және экипаж мүшелерінің нұсқауларын орындауға міндетті», – деп хабарлады әуекомпания.

Бірнеше киінген жолаушыны рейске жібермей қоюы мүмкін бе?

Редакция әуекомпаниядан мұндай жағдайда жолаушыны тасымалдаудан бас тартуға қандай негіздер бар екенін де сұрады.

«Жолаушының үстіне бірнеше қабат киім киюі оны тасымалдаудан бас тартуға өздігінен негіз бола алмайды. Дегенмен әуекомпания қолданыстағы тасымалдау ережелері мен заңнамада көзделген жағдайларда, атап айтқанда, авиациялық қауіпсіздік талаптары бұзылса, ұшу қауіпсіздігіне қатер төнсе немесе жолаушы уәкілетті қызметкерлердің заңды талаптарын орындамаса, оны тасымалдаудан бас тартуға құқылы», – делінген ресми жауапта.

Түйін

Желіде талқыланған тәсілге әуекомпания тарапынан тікелей тыйым жоқ. Алайда бұл жолаушының әуежайдағы тексеруден еш кедергісіз өтетініне немесе кез келген жағдайда ұшаққа жіберілетініне кепілдік бермейді. Ең бастысы – киімнің көптігі қауіпсіздік талаптарын орындауға кедергі келтірмеуі тиіс.

Оқу үшін