NoFake

23 адам терроризм туралы жалған хабар таратқан — ІІМ ескерту жасады

23 адам терроризм туралы жалған хабар таратқан — ІІМ ескерту жасады

Фото: Polisia.kz

Қазақстанда терроризм туралы жалған ақпарат таратқаны үшін жыл басынан бері 23 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың жетеуі – жасөспірімдер, деп хабарлайды NoFake.kz.

Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қауіп-қатер туралы жалған ақпарат таратудың салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескертті. Әсіресе ғимараттарға жарылғыш зат қойылғаны туралы жалған хабарламалар адамдарды эвакуациялауға, шұғыл қызметтерді жұмылдыруға және қылмыстық іс қозғауға себеп болады.

Ведомство мәліметінше, мұндай ақпарат телефон, электрондық пошта, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы таралады. Кей жағдайда жасөспірімдер мұны жай әзіл немесе көпшіліктің назарын аудару тәсілі деп қабылдайды.

«Бір әзіл жүздеген адамды эвакуациялауға, шұғыл қызметтердің оқиға орнына жетуіне және қылмыстық істің қозғалуына себеп болуы мүмкін», – деп ескертті ІІМ.

Интернетте мұндай әрекет «сваттинг» деп аталады. Бұл – полиция мен арнайы қызметтерді белгілі бір мекенжайға жіберту мақсатында жалған қауіп туралы хабарлау. Мұндай хабарламалардан кейін мектептер, ауруханалар мен өзге де мекемелердегі адамдар эвакуацияланады. Оқиға орнына полиция, құтқарушылар және арнайы қызмет өкілдері жіберіледі. Соның салдарынан жүздеген адамның күнделікті жұмысы бұзылып, мемлекет қаражаты мен ресурстары жұмсалады.

Жалған ақпарат таратқандарға қандай жаза бар?

ІІМ мәліметінше, терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады. Бұл әрекет үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

«Бұл қылмыс үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сонымен қатар кінәлі тұлғалар келтірілген залалды, оның ішінде шұғыл қызметтердің оқиға орнына баруы мен жұмысына жұмсалған шығындарды өтеуге міндеттеледі», – делінген ІІМ хабарламасында.

2026 жылдың басынан бері осындай қылмыс үшін 23 адам жауапқа тартылған. Олардың жетеуі – 14 пен 17 жас аралығындағы кәмелетке толмағандар.

ІІМ жалған ақпарат таратпауға шақырды

Полиция азаматтарды қауіп-қатер туралы тексерілмеген ақпаратты әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратпауға шақырды. Сондай-ақ ата-аналарға балаларының интернеттегі әрекеттеріне назар аударуды ұсынды.

«ІІМ ата-аналарға балалардың интернетте немен айналысатынын, кімдермен араласатынын және өз әрекеттерінің салдарын түсіне ме, жоқ па – осының бәрін бақылау маңызды екенін ескертеді», – делінген ведомство хабарламасында.

Полиция қауіп-қатер туралы күмәнді хабарлама алған жағдайда оны өзгелерге таратпай, дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес берді.

Оқу үшін