Жоғарғы сот даркнетте сатылымға шыққан деректер базасына қатысты жауап берді

Masked worker in photovoltaics factory commits corporate espionage, stealing proprietary technology using USB stick. Man exploits insider access to copy trade secrets from solar panel plant, camera B
Даркнетте Қазақстан Жоғарғы сотына тиесілі делінген деректер базасы сатылымға шықты. Оны жариялаған адам сот істеріне қатысушылардың жеке мәліметтері қолында бар екенін алға тартқан. Сот әкімшілігі NoFake.kz тілшісіне ақпараттың тексеріліп жатқанын хабарлады.
«Сот органдарының бірыңғай порталы ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғаудың заманауи талаптарын ескере отырып әзірленген және қажетті тексерулерден өткен. Деректердің таралуы мүмкін екені туралы ақпарат уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп тексеріліп жатыр», — делінген Сот әкімшілігінің жауабында.
Ведомство азаматтардың дербес деректерін қорғау жұмысының басты басымдықтарының бірі екенін де атап өтті.
Контекст
Бұған дейін киберқауіпсіздік саласындағы SOCRadar компаниясы даркнетте Қазақстан Жоғарғы сотына тиесілі делінген деректер базасы сатылымға қойылғанын хабарлаған. Brose деген бүркеншік атпен хабарландыру жариялаған адам база үшін 50 мың доллар сұраған.
Сатушының айтуынша, базада 2014–2026 жылдар аралығындағы мәліметтер қамтылған. Ол 186 кестеден тұрады. Оның ішінде сот істеріне қатысушылар туралы 13,3 млн және компанияларға қатысты 6,8 млн жазба бар делінген.
Хабарландыруда ЖСН, паспорт мәліметтері, сот құжаттары, хэштелген құпиясөздер мен төлемдер туралы ақпарат та аталған. Алайда бұл мәліметтердің шынайылығы әзірге анықталған жоқ.
Даркнетте мұндай хабарландырудың пайда болуы деректердің ұрланғанын дәлелдемейді. SOCRadar сатушының мәлімдемесін ғана жеткізген. Базаның шынымен Жоғарғы сотқа тиесілі екені расталмаған.
Түйін
Хабарландырудағы 507 млн жазбаны да сонша адамның дерегі деп түсінбеу керек. Бұл — сатушы көрсеткен барлық кестедегі жазбалардың жалпы саны. Қазіргі уақытта Жоғарғы соттың ақпараттық жүйелеріне бұзып кіру фактісі расталған жоқ. Ақпаратты тексеру жалғасып жатыр.


