Тоқаев Ермек Сағымбаевты ҰҚК төрағасы лауазымынан неге босатты – Ақорда түсіндірді
Архивное фото: Aqorda
ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров күштік құрылымдардағы кадрлық шешімдерді және олардың жемқорлыққа қатысты тергеумен байланысы барын түсіндірді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты басқа жұмысқа ауысуына байланысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымынан босатты. Мемлекет басшысы бұл шешімді арнайы қызметті реформалау міндетін табысты орындау үшін басшылық кадрлардың орнын ауыстыру қажет екенін ескеріп қабылдаған.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ермек Сағымбаевты қызметтен босату туралы шешім қабылдағанда жемқорлық оқиғасына қатысы бар лауазымды тұлғаларды ұстау жағдайын да ескерді», — деді Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров.
Президенттің пікірінше, күштік құрылым қызметкерлері қателіктер жіберген. Осыған байланысты Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қызметтік ескерту жарияланды.
Сонымен қатар, хабарламада «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ісіндегі коррупциялық сипат еш күмән тудырмайтыны және оны тергеу шаралары кезіндегі фигуранттардың әрекеттері растағаны айтылған.
«Президент тергеу амалдарынан әуел бастан хабардар болған. Мемлекет басшысының жемқорлыққа қарсы күреске қатысты ұстанымы өзгермейді», –деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ бүгін Тоқаев Ішкі істер министрлігінің басшылық құрамымен жиын өткізді. Онда Президент қызметтік тәртіпті нығайтуды және «Заң мен Тәртіп» қағидатына сай қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету кезінде полицияның кәсіби даярлық деңгейін көтеруді тапсырды.
Министр Ержан Сәденовке полицияның қатардағы қызметкерлері мен офицерлері арасында тәрбие жұмысын күшейту қажет екені айтылды.


