NoFake

SIM-карта ашып, ақша табуды ұсынады: ІІМ алаяқтардың тәсілі туралы ескертті

SIM-карта ашып, ақша табуды ұсынады: ІІМ алаяқтардың тәсілі туралы ескертті

Фото: Polisia.kz

Алаяқтар жасөспірімдерге ақшалай сыйақы ұсынып, өз атына SIM-карта рәсімдеуді және WhatsApp-аккаунт ашып беруді сұрауы мүмкін. Кейін бұл нөмірлер мен аккаунттар қылмыстық мақсатта пайдаланылады, деп хабарлайды NoFake.kz.

Министрліктің мәліметінше, мұндай ұсыныстарға келіскендерден аккаунтты тіркеп қана қоймай, растау кодтары мен оған кіру деректерін беру де сұралады.

«Алайда кейіннен мұндай нөмірлер мен аккаунттар қылмыстық мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін. Атап айтқанда, азаматтарды алдау, ақшасын жымқыру, зиянды сілтемелер тарату және жалған аккаунттар ашу үшін қолданылуы ықтимал», – деп ескертті Ішкі істер министрлігі.

Ведомство SIM-карталар мен аккаунттарды өз атына рәсімдеген адамдардың деректері де заңсыз әрекеттерге қатысты істерде көрініс табуы мүмкін екенін атап өтті. Олардың жауапкершілікке тартылуы да ықтимал.

«ІІМ азаматтарды мұндай ұсыныстарға келіспеуге, бейтаныс адамдар үшін SIM-карталар рәсімдемеуге, растау кодтарын және мессенджерлерге кіру деректерін үшінші тұлғаларға бермеуге шақырады», – делінген хабарламада.

Министрлік ата-аналарға балаларымен осы тақырыпта сөйлесуді ұсынды. Жеңіл табыс уәдесі заңсыз әрекеттерге тартудың тәсілі болуы мүмкін екенін түсіндіру маңызды.

Оқу үшін