Алматыдағы Үлкен Алматы өзені неге көбіктенді — экологтар жауап берді

Коллаж: NoFake.kz
Алматыдағы Үлкен Алматы өзенінің бетінде көбік пайда болып, қоқыс қалқып жүрген видео желіде тарады. Экологтар оқиға орнына барып, су сынамаларын алғанын айтты, деп хабарлайды NoFake.kz.
Threads әлеуметтік желісінде Алматыдағы Үлкен Алматы өзенінің көбіктеніп, су бетінде қоқыс қалқып жүргені түсірілген бейнежазба қызу талқыланып жатыр. Видеоға қатысты редакция тілшісі Алматы қаласы бойынша Экология департаментіне хабарласып, жағдайдың мән-жайын сұрады.

Ведомство мәліметінше, бейнежазба 12 қарашада Instagram желісінде жарияланған. Осыдан кейін экологтар оқиға орнына барып, өзен бетінде шынымен көбік бар екенін анықтаған.
«Департаменттің аккредиттелген сынақ зертханасының мамандары су сынамаларын алып, зертханаға жеткізді. Қазіргі уақытта аккредиттеу саласында көзделген көрсеткіштер бойынша зертханалық сынақтар жүргізіліп жатыр», – делінген редакциямызға берілген ресми жауапта.
Алайда мамандар көбіктің қайдан пайда болғанын әзірге анықтай алмаған. Департамент мұны төгіндінің бір реттік сипатта болуымен түсіндірді.
«Төгіндінің бір реттік сипатта болуына байланысты оқиға орнында оның көзін анықтау мүмкін болмады. Сонымен қатар өзен маңында орналасқан барлық объектілерге тек аумақтық орналасуына қарай тексеру жүргізу үшін заңнамада көзделген тиісті негіздер болуы және белгіленген рәсімдер сақталуы қажет», – деп түсіндірді ведомство.
Ластанудың ықтимал көздерін анықтау үшін Экология департаменті 13 қарашада Алматы қаласының Полиция департаментіне, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне және қала әкімдігіне ресми хат жолдаған. Қазір экологтар өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп, көбіктің себебін анықтап жатыр.


