Табысы аз, бірақ баспанасы бар: мемлекет мұқтаж отбасыларды қалай анықтайды

Фото: arasha.kz
Қазақстанда отбасылардың әлеуметтік жағдайы табысы, баспанасы, көлігі, несиесі және басқа да көрсеткіштер бойынша бағаланады. Осы мәліметтер негізінде олар бес санатқа бөлінеді. NoFake.kz Отбасының цифрлық картасы қалай жұмыс істейтінін, әлеуметтік көмек кімге тағайындалатынын және жаңа бағалау тәсілінде не өзгеретінін түсіндіреді.
Отбасылар қалай бағаланады?
Қазақстанда 2023 жылдан бері Отбасының цифрлық картасы жұмыс істейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2026 жылғы 9 қарашадағы мәліметінше, жүйе 6,2 миллион отбасыны, яғни шамамен 20,4 миллион адамды қамтиды. Ақпарат 30 цифрлық жүйеден автоматты түрде алынады.
Отбасылардың жағдайы екі бағыт бойынша бағаланады: материалдық әл-ауқаты және әлеуметтік жағдайы. Біріншісінде баспана, көлік, жер учаскесі, коммерциялық мүлік, кәсіпкерлік қызмет пен несиелік жүктеме қаралады. Екіншісінде отбасы мүшелерінің жасы, балалардың болуы, мүгедектік, созылмалы аурулар және басқа да өмірлік жағдайлар ескеріледі.
«Материалдық әл-ауқатты бағалау кезінде отбасының активтері, атап айтқанда, тұрғын үй, автокөлік, жер учаскесі және коммерциялық жылжымайтын мүлкінің бар-жоғы, кәсіпкерлік қызметке қатысуы, сондай-ақ кредиттік жүктемесі ескеріледі. Бұл ретте мүліктің бар-жоғы ғана емес, оның сипаттамалары да маңызды рөл атқарады. Мәселен, пәтер, автокөлік немесе шағын жер учаскесінің болуы отбасының нақты ауқатты екенін білдірмейді», – делінген министрліктің түсіндірмесінде.
Ведомство табысы бірдей отбасылардың әлеуметтік жағдайы әртүрлі болуы мүмкін екенін атап өтті.
«Мысалы, екі отбасының табысы бірдей болғанымен, олардың тұрмыс жағдайы әртүрлі болуы мүмкін. Бір отбасында ата-ананың екеуі де жұмыс істесе, екіншісінде барлық отбасы мүшесін асырайтын тек бір адам. Оның үстіне отбасында кішкентай балалар немесе қосымша күтім мен шығынды қажет ететін мүгедектігі бар адамдардың болуы да отбасы деңгейін анықтауда назарға алынады», — деп өтті Еңбек министрлігінде.
А, В, С, D және Е санаттарына кімдер жатады?
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №267 бұйрығымен Отбасының әлеуметтік саламаттылығын айқындау әдістемесі бекітілген. Соған сәйкес отбасылар бес санатқа бөлінеді.
А санаты – әл-ауқаты жоғары отбасылар. Министрлік мысалында мұндай отбасылардың бірнеше баспанасы, люкс санатындағы автокөлігі, коммерциялық жылжымайтын мүлкі және бизнесі болуы мүмкін.
В санаты – ауқатты отбасылар. Олардың жайлы баспанасы, премиум санатындағы көлігі, өзге де активтері мен тұрақты табысы болуы ықтимал.
С санаты – жағдайы қанағаттанарлық отбасылар.
D санаты – экономикалық тұрғыдан осал отбасылар.
Е санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар.
Баспанасы мен көлігі бар отбасыларға қанша балл беріледі?
2023 жылғы 29 маусымдағы №267 бұйрықта тұрғын үй, автокөлік және басқа да мүлікке қатысты баллдық көрсеткіштер қарастырылған. NoFake.kz редакциясы осы құжатқа қатысты түсініктеме алу үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хабарласты. Ведомство өкілдерінің мәліметінше, бұйрық қазіргі уақытта әлі де пысықталып жатыр.
Төмендегі кестелер №267 бұйрықтың қазіргі қолданыстағы редакциясында көрсетілген баллдық өлшемшарттар негізінде әзірленді. Алайда министрлік құжаттың әлі де жетілдіріліп жатқанын хабарлағандықтан, алдағы уақытта бұл көрсеткіштер өзгеруі мүмкін.
Тұрғын үйге берілетін балл
| Отбасының тұрғын үйі | Балл |
| Тұрғын үйі жоқ | −200 |
| Бір тұрғын үй, әр адамға 18 м²-ден аспайды | −80 |
| Бір тұрғын үй, әр адамға 18 м²-ден көп | 0 |
| 2–3 тұрғын үй | +100 |
| 3–6 тұрғын үй | +400 |
| 6–11 тұрғын үй | +1 000 |
| 11-ден астам тұрғын үй | +2 000 |
Көлік пен басқа мүлікке берілетін балл
| Мүлік түрі | Балл |
| Жеңіл автокөлік жоқ | −50 |
| Бір жеңіл автокөлік | 0 |
| Екі жеңіл автокөлік | +50 |
| Үш немесе одан көп жеңіл автокөлік | +100 |
| Коммерциялық көлік бар | +80 |
| Коммерциялық жылжымайтын мүлік бар | +100 |
| Жер учаскесі бар | +150 |
Бұдан бөлек, әдістемеде отбасының табысы, жұмыспен қамтылуы және кредиттік міндеттемелері де бағаланады. Мысалы, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің төрт есесіне тең немесе одан жоғары отбасыға табыс көрсеткіші бойынша 620 балл, ал екі немесе одан көп жұмыс істейтін мүшесі бар отбасыға 300 балл беріледі. Кредиттік міндеттемелер үшін −50 балл қарастырылған. Ал 2026 жылы Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге.
Санаттардың баллдық аралықтары
| Санат | Балл |
| А | 1 800 және одан жоғары |
| В | 730–1 799 |
| С | −30-дан 729-ға дейін |
| D | −460-тан −29-ға дейін |
| Е | −459 және одан төмен |
Ескерту: кестелер №267 бұйрықтың бұрын талданған көрсеткіштеріне негізделген.
Ипотекасы бар отбасы әлеуметтік көмек ала ала ма?
Иә. Ипотекаға алынған баспананың болуы отбасын автоматты түрде ауқатты санатқа жатқызбайды. Оның табысы, қарызы және әлеуметтік жағдайы бірге бағаланады.
Үкіметтің 2026 жылғы 29 қазандағы мәліметінше, Отбасының цифрлық картасын екінші деңгейлі банктердің ақпараттық жүйелерімен біріктіру желтоқсанға жоспарланған. Ал мұқтаждықты бағалаудың жаңартылған тәсілін 2027 жылғы қаңтардан бастап пилоттық режимде енгізу ұсынылған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев жаңа тәсілде қандай жағдайлар ескерілетінін түсіндірді.
« Жалпы, Отбасының әлеуметтік әл-ауқатын бағалау әдістемесі азаматтардың нақты жағдайына қарай пысықталады. Атап айтқанда, адамдардың табыстарын және кредиттік міндеттемені, оның ішінде ипотекалық қарызды бағалау тәсілдері өзгертілді. Автомобиль мен ауыл шаруашылығы техникасының бар-жоғы және жағдайы ескерілді. Отбасын асырауға жұмсалатын шығындарды, кредиттердің болғанын, сондай-ақ отбасындағы жалғыз асыраушы мен жалғыз тұрғын үйдің болғанын есепке алу көзделіп отыр», — деп атап өтті министр.
Үкімет мәліметінше, жаңартылған бағалау кезінде 20 жылдан асқан ауыл шаруашылығы техникасы, шағын жер учаскелері мен жеке қосалқы шаруашылық есепке алынбайды. Жеке кәсіпкерлік пен заңды тұлғаның болуы да жеке көрсеткіш ретінде ескерілмейді.
«Жаңа тәсілдің негізгі мақсаты – мемлекеттік қолдауды нақты мұқтаждыққа қарай көрсетіп, көмекті ең алдымен оған шын мәнінде мұқтаж азаматтар мен отбасыларға бағыттау», – делінген министрліктің ресми сайтында.
Әлеуметтік көмек кімге тағайындалады?
Отбасының цифрлық картасындағы санат пен жәрдемақы алу құқығы – екі бөлек мәселе. Нақты төлем заңда белгіленген талаптарға сәйкес тағайындалады.
Мәселен, атаулы әлеуметтік көмек отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен аспаған жағдайда қарастырылады. Отбасы құрамы, табыс көздері және еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыспен қамту шараларына қатысуы да ескеріледі.
Әлеуметтік кодекстің 125-бабында АӘК-ке мұқтаждықты бағалау кезінде қолданылатын мүліктік өлшемшарттар қарастырылған. Заңда көзделген ерекшеліктерді ескере отырып, бірнеше тұрғын үйдің, біреуден артық техникалық жарамды жеңіл автокөліктің немесе табыс табуға пайдаланылатын үй-жайдың болуы көмек тағайындауға әсер етуі мүмкін. Алайда бұл талаптар барлық жәрдемақыға бірдей қолданылмайды. Мысалы, көпбалалы отбасыларға және мүгедектігі бар адамдарға арналған төлемдердің өз шарттары бар.
Негізсіз әлеуметтік төлем алу қалай анықталады?
Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтерді біріктіріп, отбасының табысы, мүлкі және жұмыспен қамтылуы туралы ақпаратты салыстыруға мүмкіндік береді. Егер әлеуметтік көмек алушының нақты жағдайы мен мемлекеттік деректер арасында сәйкессіздік анықталса, төлемнің тағайындалу негізін тексеру қажеттігі туындауы мүмкін.
Алайда дерекқордағы қате, артық тағайындалған төлем және азаматтың әдейі жалған мәлімет беруі – әртүрлі жағдайлар. Олардың құқықтық салдары да бірдей емес. Негізсіз тағайындалған төлемдерді тоқтату, қайта есептеу немесе артық төленген қаражатты қайтару мәселесі тиісті әлеуметтік төлем түріне қолданылатын заңнамаға сәйкес шешіледі. Бұл ретте жәрдемақыны ұзақ уақыт алу оның заңсыз тағайындалғанын білдірмейді. Азаматтың әлеуметтік көмекке құқығы сақталса, оны алу заңды.
Отбасының санаты өзгеруі мүмкін бе?
Иә. Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтер тұрақты жаңартылып отырады. Жұмысынан айырылу, табыстың азаюы немесе отбасы құрамының өзгеруі оның санатына әсер етуі мүмкін.
Еңбек министрі Асқарбек Ертаев 2026 жылғы 16 қазандағы баспасөз мәслихатында:
«Мысалы, қазан айында отбасы В санатында болса, белгілі бір әлеуметтік тәуекелдерге байланысты оның материалдық жағдайы нашарласа, келесі айда автоматты түрде С санатына ауысуы мүмкін. Санат біржола берілмейді», – деді.
Қазақстанда 729 адам әлеуметтік төлемнен бас тартқан
Еңбек министрлігінің 2026 жылғы 12 қарашадағы мәліметінше, қазан айында іске қосылған «Әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тарту» сервисін 729 азамат пайдаланған.
eGov Mobile қосымшасындағы бұл қызмет арқылы азаматтар жекелеген әлеуметтік төлемдерден электрондық өтініш негізінде бас тарта алады.
Министрліктің түсіндіруінше, мүмкіндік ең алдымен материалдық жағдайы жоғары және ауқатты санаттағы азаматтарға арналған. Бұған дейін А санатындағы кейбір жәрдемақы алушыларға ерікті түрде бас тарту мүмкіндігі туралы SMS-хабарлама жіберілген.
Алайда хабарлама алу төлемнің автоматты түрде тоқтатылатынын білдірмейді. Заң бойынша жәрдемақы алуға құқығы бар азамат оны алуды жалғастыра алады.
Министрлік мәліметінше, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік жәрдемақылардың 36 түрінің 12-сі бойынша атаулылық қағидатын қолдану жоспарланған. Осылайша, жаңа тәсілдің мақсаты – отбасыларды тек мүлкі немесе табысы бойынша бөлу емес, олардың нақты тұрмыс жағдайын ескере отырып, мемлекеттік қолдауды мұқтаж азаматтарға бағыттау.


