eGov арқылы жәрдемақыдан бас тарту: қазақстандықтар нені білуі керек

Фото: Gov.kz
Қазақстанда әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардан ерікті түрде бас тартуға мүмкіндік беретін жаңа цифрлық сервис іске қосылды. Қызмет eGov Mobile қосымшасы арқылы қолжетімді. Алайда бұл азаматтар үшін міндетті талап емес, деп хабарлайды NoFake.kz.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жаңа сервис 2026 жылғы қазан айынан бастап жұмыс істейді. Ол мемлекеттік қолдау алып жүрген, бірақ қазіргі қаржылық жағдайына байланысты мұндай көмекке мұқтаж емес азаматтарға арналған. Ведомство әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардан бас тарту тек азаматтың жеке шешімі екенін атап өтті.
«Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылардан ерікті түрде бас тарту – азаматтың міндеті емес, тек өз еркімен қабылдайтын шешімі. Сервис ешқандай талап қоймайды және азаматтарға қатысты шектеулер енгізбейді», – делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Жәрдемақыдан қалай бас тартуға болады?
Қызмет eGov Mobile қосымшасында және eGov.kz порталында қолжетімді. Жүйе азаматқа тағайындалған әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар туралы мәліметтерді автоматты түрде тексереді.

Төлемнен бас тарту үшін азамат ұсынылған тізімнен тиісті жәрдемақыны таңдап, шешімін растауы қажет. Электронды өтініш автоматты түрде жіберіледі. Мемлекеттік органға жеке барудың немесе қағаз құжат толтырудың қажеті жоқ. Ал әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларды алмайтын азаматтар бұл сервисті пайдалана алмайды.
Бас тартқан азамат кейін жәрдемақыны қайта ала ала ма?
Еңбек министрлігі әлеуметтік төлемнен ерікті түрде бас тарту азаматтың болашақта мемлекеттік көмек алу құқығын шектемейтінін түсіндірді. Егер адамның қаржылық немесе отбасылық жағдайы өзгерсе, ол жәрдемақыны қайта тағайындауға өтініш бере алады. Мұндай өтініш қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қаралады. Сонымен қатар министрлік жаңа сервистің енгізілуі мемлекет тарапынан әлеуметтік міндеттемелердің қысқаруын білдірмейтінін мәлімдеді.
«Заңнамада көзделген барлық әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар оларға құқығы бар азаматтарға белгіленген тәртіппен және толық көлемде төленеді», – деп хабарлады ведомство.
Министрлік алаяқтардан сақ болуға шақырды

Ведомство азаматтарға әлеуметтік төлемдерден бас тарту туралы мессенджерлер арқылы келетін күмәнді сілтемелерге өтпеуді ескертті. Ресми қызмет тек eGov Mobile қосымшасы мен eGov.kz порталында қолжетімді. Министрлік мұндай қызметке қатысты сілтемелерді мессенджерлер арқылы таратпайды. Сондықтан азаматтарға әлеуметтік төлемдерге қатысты кез келген ақпаратты тек ресми мемлекеттік платформалар арқылы тексеру ұсынылады.
Айта кетейік, жаңа сервис әлеуметтік көмекті тоқтатудың міндетті тетігі емес. Ол мемлекеттік қолдауға мұқтаж емес азаматтарға жәрдемақы мен әлеуметтік төлемдерден өз еркімен бас тартуға мүмкіндік береді.


