NoFake

Трамптың сайлаудан кейін есінен танып қалғаны рас па

Трамптың сайлаудан кейін есінен танып қалғаны рас па

Фото: fullfact.com

Әлеуметтік желілерде АҚШ президенті Дональд Трамптың Конгреске аралық сайлау нәтижелері жарияланғаннан кейін есінен танып, Ақ үйден көтеріп шығарылғаны туралы ақпарат тарады. Жазбаларға президентті бірнеше адамның көтеріп бара жатқанын көрсететін суреттер тіркелген. Алайда олардың шынайы оқиғаға қатысы жоқ, деп хабарлайды NoFake.kz.

Желіде қандай ақпарат тарады?

X және Facebook платформаларында Дональд Трамптың 2026 жылғы 3 қарашада өткен аралық сайлаудан кейін есінен танып қалғаны туралы жазбалар жарияланды. Желі қолданушылары президенттің Республикалық партия үшін қолайсыз сайлау нәтижелерінен кейін өзін жайсыз сезініп, Ақ үйден шұғыл шығарылғанын мәлімдеген. Бұл ақпарат президентті төрт адамның көтеріп бара жатқанын бейнелейтін суреттермен бірге тараған. Алайда британиялық Full Fact фактчекинг ұйымы 5 қарашада жариялаған тексеруінде бұл мәліметтің жалған екенін анықтады.

Суреттер қайдан алынған?

Фактчекерлер бастапқы видео мен желіде тараған суреттерді салыстырып, олардың сәйкес келетінін анықтаған. Кейін суреттердің жарық деңгейі өзгертіліп, фотокамера жарқылдары қосылған. Видеода жасанды интеллект қолданылғанын көрсететін белгілер де бар. NoFake.kz аталған фотоны OpenAI детекторымен тексеріп көрді.

Детектордың нәтижесі. Фотоскрин: NoFake.kz.

Детектор Дональд Трампты бірнеше адамның көтеріп бара жатқан, ал сол жағында фотоаппарат жарқылы көрінетін суретте көзге көрінбейтін SynthID цифрлық сутаңбасы бар екенін анықтады. Бұл суреттің OpenAI құралдарының көмегімен жасалғанын немесе өңделгенін көрсетеді.

Мақалада жарияланған суреттің кішірейтілген нұсқасында оқиғаны бірнеше фотографтың түсіріп жатқаны байқалады. Егер бұл жағдай шынымен болған болса, президентті Ақ үйден көтеріп алып шыққан сәттің басқа да фотосуреттері мен видеолары интернетте жариялануы тиіс еді. Алайда мұндай кадрлар табылған жоқ.

Трамп шынымен есінен танды ма?

Full Fact журналистері сайлау нәтижелері жарияланғаннан кейін Трамптың есінен танып қалғанын немесе Ақ үйден көтеріп шығарылғанын растайтын сенімді ақпарат таппаған. Оқиға шынайы болған жағдайда оны көрсететін өзге де фото және видеоматериалдар жариялануы мүмкін еді. Алайда мұндай дәлелдер анықталмаған. Дональд Трамптың аралық сайлаудан кейін есінен танып, Ақ үйден көтеріп шығарылғаны туралы ақпарат — фейк. Әлеуметтік желіде дәлел ретінде ұсынылған суреттер жасанды интеллект көмегімен жасалған ескі видеодан алынып, басқа оқиғамен байланыстырылған.

Оқу үшін