«Мен Иванның әйелімін»: алаяқтардың жаңа айласы

Фото: Deposirphotos
Беларусь полициясы мессенджердегі алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті. Алаяқтар «алданған әйел» болып хат жазады, адамды абыржытады да, артынша фишинг сілтемесін жібереді немесе бопсалайды. Бұл айла адамның эмоциясына құрылған, ондай тәсіл тез тарайды, деп хабарлайды NoFake.kz Newgrodno.by сайтына сүйеніп.

Бұл схема туралы Гродно қаласы Ленин аудандық ішкі істер бөлімінің аға учаскелік инспекторы Алексей Лукашик ескертті. Оның айтуынша, алаяқтар мессенджерде жалған аккаунт ашып, әңгімені арандатушы хабарламадан бастайды. Мысалы: «Полина, қайырлы күн. Мен Иванның әйелімін…»
«Алаяқ өзін «алданған жұбай» ретінде таныстырады. Сіздің нөміріңізді күйеуінің телефонынан тауып алғанын, нөмір онда басқа атпен сақталғанын айтады. Сенімдірек көріну үшін контакт тізімінің немесе профильдің жалған скриншотын жібереді», — дейді полицей.
Мұндағы мақсат – адамды есеңгірету, үрейлендіру және дереу ақталуға итермелеу. Жәбірленуші жауап жаза бастаған соң, оқиға екі жолмен өрбиді. Фишинг сілтеме жіберуі мүмкін. «Дәлелдерді мына жерден көр» деп сілтеме жібереді. Оны ашқан адам аккаунтынан немесе ақшасынан айырылуы мүмкін немесе «Жанжалды жұртқа жаямын» деп қорқытып, ақша талап етеді.
Бұл схемада техникалық айладан гөрі психологиялық қысым басым. Адамға күтпеген жерден айып тағылса, ол ойланбай ақталуға ұмтылады. Ешкімнің күйеуімен хат жазыспаған адамның өзі «дәлелін көрейін» деген қызығушылықпен сілтемені ашып қоюы мүмкін – алаяққа керегі де осы.


