Чилидегі киім үйінділері ғарыштан көрінетіні рас па

Фото: Getty Images
Әлеуметтік желіде Чилидегі Атакама шөлінде пайдаланылған және сатылмай қалған киімдерден пайда болған қоқыс орындарының спутниктен түсірілген суреттері тарады. Кейбір жазбаларда киім үйінділері ғарыштан көрінетіні айтылған. Алайда олардың бір бөлігі жасанды интеллект көмегімен жасалған, деп хабарлайды NoFake.kz американдық Snopes фактчек басылымына сілтеме жасап.

Басылымның мәліметінше, Чили — пайдаланылған және сатылмай қалған киімдерді көп мөлшерде импорттайтын елдердің бірі. БҰҰ дерегінде 2022 жылы елге шамамен 124 мың тонна екінші қолданыстағы киім мен тоқыма бұйымдары жеткізілгені көрсетілген. Чили бұл көрсеткіш бойынша әлемдегі төртінші ірі импорттаушы ел саналады.
Киімдердің шамамен 40 пайызы елдің солтүстігіндегі Икике қаласының еркін сауда аймағы арқылы өтеді. Мұнда әкелінген тауарлар сұрыпталып, сатуға жарамдылары қайта саудаға шығарылады. Ал нарықта сұранысқа ие болмаған және қайта экспорттауға келмейтін киімдердің бір бөлігі Атакама шөліне заңсыз төгіледі.
«Бұл киімдердің едәуір бөлігі жергілікті екінші қолданыстағы тауарлар нарығында өтпейді және қайта экспорттауға жарамайды. Сондықтан олар шөлге тасталады», – делінген БҰҰ-ның зерттеуінде.
Snopes журналистері Google Earth платформасындағы спутниктік суреттерді тексерген. 2025 жылғы ақпанда түсірілген кадрларда киім қалдықтары төгілген аумақтың бір бөлігі тазартылғаны байқалған. Бірақ жақын маңдағы басқа жерлерде қоқыс әлі де болған. Ал SkyFi спутниктік суреттер компаниясы басылымға 2026 жылғы тамызда түсірілген кадрларды ұсынған. Онда да қалдықтар жиналған аумақ көрінеді.

Фактчекерлердің айтуынша, киім үйінділерінің спутниктен түсірілген кейбір суреттері шынайы. Алайда әлеуметтік желілерде тараған биік тауларға ұқсайтын әсерлі фотолардың бір бөлігі жасанды интеллект арқылы жасалған немесе өңделген. Нақты қоқыс орындары әлеуметтік желідегі суреттердегідей биік таулар емес, жерге жайылып жатқан полигондарға көбірек ұқсайды.
«Бұрын жарияланған спутниктік суреттер Чилидің Атакама шөлінде киім қалдықтары төгілген бірнеше орын болғанын растайды. Бұл суреттер шынайы», – деп жазады Snopes.
2026 жылғы қазанда Тарапака аймағының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі хатшысы Мигель Агирре Сан-Мартин жергілікті Expreso Bío Bío бағдарламасына берген сұхбатында тазарту жұмыстары кезінде 60 мың тонна киім қалдығы шығарылғанын айтқан. Оның сөзінше, билік заңсыз қоқыс төгуге жауапты адамдарды анықтау мәселесімен де айналысып жатыр.
Алайда басылым тазарту жұмыстарының нақты қашан жүргізілгенін, шығарылған киімдердің қайда жеткізілгенін және шөлдегі басқа қоқыс орындарының жағдайын тәуелсіз түрде растай алмаған. Олар бұл сұрақтарды жергілікті билікке жолдаған.
Атакама шөлінде пайдаланылған және сатылмай қалған киімдерден құралған заңсыз қоқыс орындары бар екені рас. Олардың кейбірі спутниктік суреттерден көрінеді. Бірақ әлеуметтік желілерде тараған алып киім тауларын бейнелейтін барлық фотосурет шынайы емес: кейбірі ЖИ көмегімен жасалған немесе өңделген.

Айта кетейік, бұған дейін біз әлеуметтік желілерде Марстың бетінде алып өрмекшіге ұқсайтын ерекше тас бейнеленген сурет тарағаны жайлы жаздық.

