ЖИ жазған ғылыми мақаланы қалай танимыз

Фото: NoFake.kz
Жасанды интеллект жазған ғылыми мақаланы адам жазған еңбектен ажырату барған сайын қиындап барады. Оның үстіне, адамдардың өздері де ЖИ-ге тән жазу мәнерін қабылдай бастаған. Бұл ғылыми зерттеулердің сенімділігі мен адамның сыни ойлау қабілетіне қалай әсер етеді? NoFake.kz осы және өзге де сұрақтарды Канзас университетінің маманы Брайан Розенблюмге қойды.
– Розенблюм мырза, қазір ғылыми ақпарат өте көп. Ғылыми журналда жарияланған мақалаға бірден сенуге бола ма? Зерттеушілер ақпараттың сенімділігін қалай тексеруі керек?
– Бұл өте жақсы, бірақ күрделі сұрақ. Қазір толық немесе ішінара жасанды интеллект көмегімен жазылған мақалалар көбейіп келеді. Тіпті материалдары түгелдей дерлік ЖИ арқылы жасалатын ғылыми журналдар да бар. Сонымен қатар ғылымға ешқандай пайдасы жоқ, академиялық құндылығы төмен, авторлардан мақала жариялағаны үшін ақы алатын «жыртқыш журналдар» кездеседі. Ағылшын тілінде оларды «predatory journals» деп атайды. Мұндай жағдайда ең алдымен зерттеу барысында пайдаланатын дереккөздерге мұқият қарау қажет. Егер сіз студент немесе зерттеуші болсаңыз, сүйенетін мақалаларыңыз беделді ғылыми журналдарда жарияланғанына көз жеткізіңіз. Журналдың тарихын зерттеп, баспасы мен редакторлары туралы ақпаратты тексеріңіз. Сондай-ақ оның ғылыми рецензиялау жүйесі бар-жоғын анықтаңыз.
Бұдан бөлек, мақалада айтылған мәліметтерді растайтын басқа да дереккөздерді іздеген жөн. Ғылыми журналда жарияланды екен деп, ондағы ақпаратты бірден шындық деп қабылдауға болмайды. Мұның бәрі ақпараттық және жасанды интеллект сауаттылығын дамытудың маңызын көрсетеді. Студенттер мен зерттеушілерге ЖИ жасаған контентке сыни тұрғыдан қарауды үйрету қажет.
– Қазір ғылыми журналдарда ЖИ арқылы жазылған мақалалар жиі жариялана ма? Басылымдар мұндай материалдарды қабылдауға қатысты қандай ережелер енгізіп жатыр?
– Меніңше, қазір ғылыми журналдардың өздері де осы мәселеге жауап іздеп жатыр. Мен көптеген ғылыми басылымның редакторларын танимын. Қазір журналдар ЖИ көмегімен жазылған мақалаларға қатысты өз ережелерін әзірлеп жатыр. Себебі редакцияларға осындай материалдар жиі түсе бастады. Бұл мәселеде әртүрлі ұстаным бар. Кейбір журналдар ғылыми мақалалар дайындау кезінде жасанды интеллектіні пайдалануға мүлде тыйым салады. Ал басқалары оны қолдануға рұқсат береді, бірақ автордан ЖИ пайдаланғанын және оны қандай мақсатта қолданғанын ашық көрсетуді талап етеді. Бұл мәселенің екі жағы бар. Бір жағынан, жасанды интеллект зерттеу жұмысын жеңілдетеді. Оның көмегімен деректерді жылдам талдап, жұмыстың өнімділігін арттыруға болады. Соның нәтижесінде ғылыми жарияланымдардың саны да өсуі мүмкін. Алайда басты мәселе – сол мақалалардың қаншалықты сенімді екені және олардың шынымен сапалы ғылыми зерттеу болып саналатыны. Менің ойымша, мұнда ЖИ пайда болғанға дейін қолданылған негізгі қағидалар әлі де маңызды. Атап айтқанда, дереккөздерді тексеру, зерттеу әдістемесін зерделеу және алынған нәтижелерді қайта тексеріп, қайталап алуға болатынына көз жеткізу қажет.
– Демек мақалада зерттеу әдістері туралы жазылмаса, оған күмәнмен қарау керек қой?
– Иә, егер мақалада зерттеу әдістері туралы ақпарат болмаса немесе оның нәтижелерін қайта тексеру мүмкін болмаса, мұндай материалға күмәнмен қараған дұрыс. Оқытушылар да осы мәселемен бетпе-бет келіп отыр. Олар студенттерге жасанды интеллектіні қолдануға рұқсат беру керек пе, жоқ па деген сұраққа жауап іздеп жатыр. Кейбір оқытушылар бұл мәселені түсіндіру үшін арнайы тапсырмалар бере бастағанын байқадым.
Мысалы, студенттерге жасанды интеллект көмегімен эссе жазуды тапсырады. Оның ішінде ғылыми мақалаларға сілтемелер болуы керек. Содан кейін студенттер сол мақалаларды кітапхана каталогынан немесе ғылыми дерекқорлардан өздері іздеп, олардың шынымен бар-жоғын тексеруі тиіс. Кей жағдайда көрсетілген дереккөздер шынайы болуы мүмкін. Бірақ жасанды интеллект жоқ мақалаларды ойдан құрастыратын жағдайлар да аз емес. Сондықтан студенттер жарияланымның қайдан шыққанын түсініп, дереккөздерді қайта тексеріп, ақпаратты басқа материалдармен салыстыруды үйренуі керек.
– Розенблюм мырза, мәтіннің жасанды интеллект көмегімен жазылғанын анықтайтын арнайы құралдар бар ма?
– Иә, мұндай құралдар бар. Олар мәтіннің жасанды интеллект арқылы жазылған болуы ықтималдығын бағалап, тіпті пайыздық көрсеткіш ұсына алады. Себебі ЖИ-дің өзіне тән ерекшеліктері, сөйлем құрау тәсілдері мен тілдік үлгілері бар. Кейде солар арқылы мәтіннің жасанды интеллект көмегімен жасалғанын байқауға болады.
Бірақ бұл бір-бірін қуып жетуге тырысқан екі тараптың әрекетіне ұқсайды. Жасанды интеллект жетілген сайын, оны анықтайтын құралдар да дамып келеді. Қазіргі уақытта мәтінді ЖИ жазғанын жүз пайыз дәлдікпен анықтайтын сенімді әдіс бар деп ойламаймын.
Менің бір әріптесім осыған байланысты қызықты тәжірибе жүргізген. Ол өзінің сайтына екі-үш мәтін орналастырып, оқырмандарға олардың қайсысын жасанды интеллект, ал қайсысын адам жазғанын анықтауды ұсынған. Тәжірибенің нақты нәтижесін білмеймін. Бірақ есімде қалғаны – адамдарға мәтіндердің авторын анықтау оңай болмаған. Әрине, егер олар белгілі бір заңдылықтар мен ерекшеліктерді тани алмаса. Бұл шынымен де күрделі мәселе. Оның үстіне, мәселе тек ЖИ жасаған мәтіндермен шектелмейді. Видео мен аудио да бар. Жағдай барған сайын күрделеніп, шынын айтқанда, аздап қорқынышты сипат алып барады.
– Нейрожелілер арқылы жазылған мәтіндерде жиі кездесетін, оны бірден аңғартатын сөздер, тіркестер немесе сөйлем құрау ерекшеліктері бар ма? Өзіңіз мәтіннің жасанды интеллект арқылы жазылғанын анықтай аласыз ба?
– Бұл тілге байланысты әртүрлі болуы мүмкін деп ойлаймын. Мысалы, ағылшын тіліндегі мәтіндерден ЖИ-ге тән ерекшеліктерді нақты атап беру маған оңай емес. Дегенмен кейде мәтіннің жасанды интеллект көмегімен жазылғанын сеземін. Мысалы, оның бір белгісі – сызықшаны жиі қолдануы. Сондай-ақ сөйлемдердің белгілі бір ырғағы мен құрылымы болады. Мен Facebook пен басқа да әлеуметтік желілерден мынаған ұқсас сөйлемдерді жиі кездестіремін: «Бұл құс емес, бұл басқа нәрсе де емес, бұл – …» деген секілді тіркестер. Яғни жасанды интеллектінің өзіне тән сөйлеу дағдылары бар. Уақыт өте келе оларға үйреніп, байқай бастайсың.
– Өзіңіз де жасанды интеллектіні қолданатын адам ретінде оның сыни ойлау қабілетіне әсері бар деп айта аласыз ба?
– Иә, әрине, әсер етеді деп ойлаймын. Меніңше, жасанды интеллект тиімді көмектесе алатын жұмыс түрлері бар. Мысалы, кеңседе қолданылатын стандартты құжаттарды, есептерді, қызметтік жазбаларды және белгілі бір үлгімен жазылатын басқа да материалдарды дайындауда оны пайдалануға қарсылығым жоқ. Алайда шығармашылық жұмыс пен ғылыми зерттеулерде ЖИ қолдану әлдеқайда қауіпті болуы мүмкін. Әрине, жасанды интеллект көмегімен жаңа дүние жасауға да болады. Бірақ ол үшін саналы әрі мақсатты түрде жұмыс істеу қажет. Барлық жұмысты ЖИ-ге тапсырып қоюға болмайды.
– Сіз ЖИ-дің өзіне тән жазу мәнері бар екенін айттыңыз. Зерттеулерде адамдардың да сол мәнерге еліктей бастағаны туралы деректер бар ма?
– Сіздің айтып отырғаныңыздай, жасанды интеллект көп жағдайда бұрыннан бар білім мен ақпаратқа сүйенеді. Жақында осыған қатысты қызықты зерттеулер оқыдым. Онда ЖИ мәтіндеріне тән тілдік ерекшеліктерді анықтауға болатыны айтылады. Бірақ зерттеулердің тағы бір қызық нәтижесі бар: адамдардың өздері де жасанды интеллектінің жазу мәнерін қабылдап, соған ұқсас жаза бастаған. Бұл, шынын айтқанда, алаңдатады.
– Бұл құбылыс болашақта жазу мәдениетін өзгертуі мүмкін бе? Ғылыми мәтіндердің қалыптасқан құрылымы да ЖИ-дің оларды оңай қайталауына әсер ете ме?
– Меніңше, бұл жазу мәдениетіне деген көзқарасты түбегейлі өзгертудің қажеттігін көрсетуі мүмкін. Жасанды интеллект оңай қайталай алмайтын жазу мәнерлерін іздеу керек шығар. Мүмкін, дәстүрлі жазу үлгілерінен, қалыптасқан синтаксис пен сөйлем құрылымдарынан бас тарту қажет болар. Әзірге мұның нақты қалай жүзеге асатынын айту қиын.
Академиялық ортада ғылыми мақалаларды жазудың қатаң талаптары бар. Мысалы, мақаланың белгілі бір құрылымы болуы, тіліне қатысты талаптардың сақталуы, жеке пікірлер мен эмоциялық тұжырымдардың қолданылмауы керек. Алайда дәл осы қатаң құрылым ғылыми мәтіндерді жасанды интеллект үшін оңай қайталауға мүмкіндік береді.
Бәлкім, бұл мәселені ішінара өзіміз де қалыптастырған шығармыз. Мысалы, қазір синтаксистік ережелерді бұзатын, поэзияға ұқсас тілмен жазылған немесе мүлде өзгеше құрылымы бар ғылыми мақаланы елестету қиын. Бірақ дәстүрлі жазу үлгілерінен ауытқу жасанды интеллектінің бұрыннан бар мәтіндерді қайталай беруіне тосқауыл болатын тәсілдердің бірі болуы мүмкін. Бұл – әзірге ой елегінен өткізуге болатын идея ғана.
– Сұхбатыңызға рақмет!


