NoFake

Жалған келісімшартпен шетелдік интернет казиноларға ақша аудару схемасы әшкереленді

Жалған келісімшартпен шетелдік интернет казиноларға ақша аудару схемасы әшкереленді

Фото: FMA

Қазақстанда шетелдік интернет-казиноларға заңсыз ақша аударуға көмектескен күдіктілерге қатысты тергеу аяқталды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, олардың төлем жүйелері арқылы 191 млрд теңгенің операциялары жүргізілген, деп хабарлайды NoFake.kz.

Тергеу барысында күдіктілердің өз бақылауындағы үш компанияның төлем жүйесін пайдаланып, шетелдік интернет-казиноларға ақша аударуды ұйымдастырғаны анықталған. Бұл жүйеге түрлі банктерде орнатылған жүздеген төлем терминалы кірген.

Агенттіктің мәліметінше, заңсыз схема арқылы Nomadgames, Sultangames, Pinco, Pin-UP, Vavada, Mostbet және 1WIN интернет-казиноларының пайдасына қаражат аударылған.

Жүргізілген операциялардың жалпы көлемі 191 млрд теңгеге жеткен. Ал күдіктілерге есептелген комиссиялық сыйақы 286 млн теңгені құраған.

«Ақшаның нақты қандай мақсатқа аударылғанын жасыру үшін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің деректемелері пайдаланылған. Олардың кейбірі өз деректерінің қолданылғанынан бейхабар болған», – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.

Аталған тұлғалардың атына интернет арқылы төлем қабылдайтын терминалдар тіркелген. Жалған келісімшарттар мен арнайы құрылған сайттардың көмегімен ақша аударымдары тауарлар мен қызметтерге жасалған төлем ретінде көрсетілген.

«Қаражат шетелдік тараптарға, оның ішінде криптовалюта арқылы аударылған», – делінген агенттік хабарламасында.

Қылмыстық істі ұйымдастырды деген күдікке ілінген адам қамауға алынды. Сот санкциясымен төрт автокөлікке және 103 млн теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынды.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданды.

Қаржылық мониторинг агенттігі Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге мәліметтері жарияланбайтынын хабарлады.

Оқу үшін