Ерейментауда терроризмге қарсы оқу-жаттығу өтеді: тұрғындарға жалған ақпарат таратпау ескертілді

Фото: gov.kz
9 қарашада Ақмола облысының Ерейментау қаласында терроризмге қарсы оқу-жаттығу өткізу жоспарланған. Осыған байланысты қалада көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізіледі, деп хабарлайды NoFake.kz.
Оқу-жаттығудың мақсаты – мемлекеттік органдар мен күштік құрылымдардың өзара іс-қимылын жетілдіру және терроризмге байланысты ықтимал қауіптерге жедел әрекет ету дайындығын тексеру.
«Жаттығу барысында төтенше жағдайларға барынша жақындатылған түрлі сценарийлер пысықталады. Іс-шара кезінде қаланың жекелеген учаскелерінде автокөлік қозғалысы ішінара шектелуі мүмкін.Ұйымдастырушылар тұрғындар мен қала қонақтарын қауіпсіздік талаптарын сақтауға, мемлекеттік органдар өкілдерінің заңды нұсқауларын орындауға және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды»,- делінген хабарламада.
Айта кетейік, қалада өткізілетін іс-шара жоспарлы оқу-жаттығу болып саналады. Сондықтан тұрғындарға жаттығу барысындағы арнайы техниканың қозғалысы мен уақытша шектеулерге қатысты жалған ақпаратқа сенбеу ұсынылады.

