Ұлттық Банк жалған құжаттар мен реквизиттер пайдаланылатын алаяқтық схема туралы ескертті

Фото: National bank
Қазақстанда алаяқтар Ұлттық Банктің атынан жалған хаттар мен құжаттар таратып, азаматтарды алдаудың жаңа тәсілін қолдана бастаған. Олар ақшаны қайтарып беруге немесе аударымды аяқтауға көмектесеміз деген сылтаумен түрлі төлем жасауды талап етеді, деп хабарлайды NoFake.kz.
Қазақстан Ұлттық Банкінің мәліметінше, қаскөйлер мекеменің ресми бланкісіне ұқсас құжаттарды пайдаланып, азаматтарға жалған хабарламалар жібереді. Онда адамның алаяқтардың құрбаны болғаны айтылып, жоғалған қаражатты қауіпсіз қайтару үшін белгілі бір шотқа ақша аудару ұсынылады. Кейде алаяқтар қаражаттың аударылғанын хабарлап, операцияны аяқтау үшін қосымша төлем жасау қажет екенін айтады. Мәселен, ақшаны тіркеу немесе декларациялау керек деген сылтаулар келтіреді.
«Мұндай схемалар «инкассатор көлігіне тапсырыс беру және мекенжайға жеткізу» деген сылтаумен «ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің немесе Қазақстан Ұлттық Банкінің қызметкері» қатысып отырғандай ұйымдастырылуы мүмкін», – делінген Ұлттық Банк хабарламасында.
Ведомство мұндай құжаттардың жалған екенін ескертеді. Атап айтқанда, олардағы электрондық цифрлық қолтаңба мен мөр бедері белгіленген талаптарға сәйкес келмейді.

Ұлттық Банк азаматтардан ақша аударуды талап ете ме?
Ұлттық Банк жеке тұлғалардың банктік шоттарына қызмет көрсетпейтінін, қаражат көзін декларациялаумен айналыспайтынын және халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейтінін түсіндірді.
«Ұлттық Банк жеке тұлғалармен мессенджер, электрондық пошта немесе әлеуметтік желі арқылы хат алыспайды», – деп мәлімдеді қаржы реттеушісі.
Ұлттық Банк заңнамада белгіленген өкілеттігі аясында негізінен мемлекеттік органдармен, қаржы ұйымдарымен және басқа да заңды тұлғалармен ресми хат алмасады. Ал азаматтардың өтініштері заңда көзделген тәртіппен, соның ішінде «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы қаралады.
Осыған байланысты қаржы реттеушісі азаматтарды күмәнді шоттарға ақша аудармауға, тексерілмеген құжаттарға сенбеуге және Ұлттық Банк қызметкерімін деп хабарласқан адамдардың талабын орындамауға шақырды.


