«Жалған сертификаттармен курсқа адам жинады»: Павлодарлық оқушының жетістіктері тексеріліп жатыр

Коллаж: NoFake.kz
Әлеуметтік желі қолданушылары павлодарлық оқушы Айханым Оқасованың жетістіктеріне күмән келтіріп, оның Гарвард университетіне қабылданғаны туралы ақпарат пен сертификаттарының шынайылығын тексере бастаған. Кейбірі оқушыны күмәнді құжаттар арқылы тіл үйрету курстарына адам жинады деп айыптады. Даулы жағдайға қатысты қыздың анасы түсініктеме беріп, Оқу-ағарту министрлігі мән-жайды анықтап жатқанын хабарлады. NoFake.kz оқиғаның жай-жапсарын зерттеп көрді.
Айханым Оқасова туралы алғашқы жарияланымдардың бірі 2026 жылғы 24 қаңтарда жергілікті ақпарат құралында шыққан. Материалда ол тоғыз тіл білетін жас полиглот ретінде таныстырылған. Кейін оқушының тіл үйрететіні, халықаралық білім беру бағдарламаларына қатысқаны және шетелдік университеттерге түсуге ниетті екені туралы ақпарат жарияланды.
Қараша айының басында тағы бір отандық салалық басылымда Айғанымның Harvard Extension School оқу орнына толық грантпен қабылданғаны туралы жаңалық шықты.

Алайда бұл ақпаратқа қатысты әлеуметтік желілерде күмән туындап, Даниял Сүлеймен есімді желі қолданушысы Айханымның Гарвард университетіне оқуға қабылданғаны туралы мәлімдемесін тексерген.

«Павлодарлық қыздың «Гарвардты бағындыруы» фейк болып шықты. Қазақ интернет кеңістігінде тоғыз тіл білетінін, жасанды интеллект негізіндегі платформа жасағанын және Гарвард университетіне толық грантпен оқуға түскенін мәлімдеген 17 жастағы Айханым Оқасоваға қатысты оқиға әшкереленді.Оның тіл курстарын жарнамалау үшін ойдан шығарылған әдемі оқиға бірнеше күн ғана өмір сүрді.Әшкерелеудегі негізгі деректер:
— Гарвард оқуға қабылданғанын жоққа шығарды. Зерттеу жүргізген авторлар қыздың құжаттарын университетке жіберген. Гарвард әкімшілігі грант туралы хаттардың жалған екенін ресми түрде хабарлаған»,- деп жазбасын кейін өзгертті автор.
Сондай-ақ, жазба авторы Гарвард университетінің фотодағы шақыртудың жалған екенін растағаны жайлы дерек келтірген.

Анасы поштаға жалған хат келгенін айтты
Айханымның анасы Әсия Оқасова жариялаған видеода қызының электронды поштасына шетелдік университеттердің атынан жалған шақырту жіберілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, отбасы бұл хаттарды бастапқыда шынайы деп қабылдаған.
«Меніңше, баламның электронды поштасын бұзып, біреу оны мазақ еткен. Мен анасы ретінде қазір баламды қорғағым келеді. Өтінемін, мен баламды жақсы білемін, ештеңені ойдан шығарып отырған жоқпын. Біз бүкіл әлемге танылуды көздеп отырған жоқпыз, бұл – ақымақтық. Түсініңіздер, біреу оның поштасын бұзып, келемеждеген. Мұның бәрі 30 қазанда жіберілген. Балама тиісіп, қызымды жамандамаңыздар. Бұл мәселені міндетті түрде өзіміз анықтаймыз», – деді Айханымның анасы Әсия Оқасова
Редакция Әсия Оқасоваға хабарласып, оқиғаның мән-жайын сұрамақ болды.
«Мен қазір ештеңе айта алмаймын. Құқық қорғау органдарында өтініш жазып жатырмын» — деп жауап берді қыздың анасы редакциямызға.

Тіпті анасының осындай жазбасынан кейін де кейбір желі қолданушыларының күмәні сейілмеген. Алайда Әсия Оқасова редакциямызға Айханымның тіл білімін растайтын сертификат, құжаттарын, шақыру келген поштаның скринін кейінірек жіберетінін айтты.
Пәтерді мемлекет берді деген ақпарат расталмады
Әлеуметтік желілерде Айханымға мемлекет тарапынан пәтер берілгені туралы да ақпарат тараған.

Алайда редакцияға берген жауабында әкімдік Айханымға мемлекет тарапынан үй берілгенін жоққа шығарды.
«Әкімдіктен үй берілген емес», — деп жауап берді Павлодар әкімдігі редакциямызға.
Желіде пікір жазушылар арасында оқушыға мемлекеттен үй берілді деген тексерілмеген ақпаратқа сеніп, тіпті бұл жағдайға билік өкілдерін кінәлағандар да табылған.

Қыздың анасының айтуынша, Айханым пәтерді өзі жұмыс істеп тапқан қаражатына сатып алған. Ол даяшы және аудармашы болып еңбек еткен. Айханым кәмелетке толмағандықтан, баспана әпкесінің атына рәсімделгенін түсіндірді.
Білім басқармасы оқушының жетістіктерін тексеріп жатыр
Аталған мәселе бойынша, Павлодар облыстық білім басқармасына да сауал жолдадық. Басқарма өкілдері жағдайдың барлық мән-жайы жан-жақты анықталып жатқанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта бұл жағдайға қатысты барлық мән-жай жан-жақты анықталып жатыр. Нақты ақпарат анықталғаннан кейін сіздерге түсініктеме береміз», — деп жауап берді мамандар редакциямызға.
Желіде оқушының тіл білу деңгейі де талқыланды
Айханымның тоғыз тіл білетіні туралы алғашқы жарияланымдардан кейін әлеуметтік желілерде оның тіл меңгеру деңгейіне қатысты да пікірталас пайда болды. Кейбір қолданушылар қыз тек екі тілде ғана еркін сөйлейді деген пікір білдірген. Ал түсіндірме видеода анасы қызының жеті тілді жетік меңгергенін, тағы екі тілде сөйлесе алатынын алға тартады. Бұл мәліметтерді әзірге тәуелсіз түрде растайтын құжаттар редакцияның қолында жоқ.
Ата-аналар Айханымға не үшін сенім артты?
Қазір NoFake.kz редакциясы Айханымнан тіл үйренген балалардың ата-аналарымен байланысуға тырысып жатыр. Редакция олардың қызды қандай себеппен оқытушы ретінде таңдағанын, оның Гарвардқа түскені туралы ақпараттың шешім қабылдауға әсер еткен-етпегенін және сабақ нәтижелеріне қаншалықты көңілі толатынын анықтамақ. Өйткені мұнда тек шетелдік университеттен келген хаттың шынайылығы ғана емес, оқушының білім беру қызметіне қатысты ақпараттың қаншалықты дұрыс ұсынылғаны да маңызды. NoFake.kz редакциясы Гарвард университетіне оқушының онда түскен-түспегенін анықтау үшін ресми сауал жолдады. Білім басқармасы тексеру қорытындысын жариялағаннан кейін редакция қосымша ақпарат ұсынады. NoFake.kz редакциясы Павлодар қаласының полиция басқармасына хабарласты. Басқарма мәліметінше, 2026 жылғы 6 қараша сағат 18:59-дағы жағдай бойынша Әсия Оқасованың атынан полицияға ешқандай арыз тіркелмеген.


