Алимент түсетін шотты бұғаттауға бола ма

Фото: magnific.com
Әлеуметтік желілерде алимент түсетін банк шотын бұғаттауға бола ма деген сұраққа қатысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Бірі мұндай шоттарға тыйым салуға болмайтынын айтса, енді бірі қарыз болған жағдайда бұғатталуы мүмкін деп есептейді. Шын мәнінде заңда не қарастырылған? NoFake.kz осы мәселеге қатысты қолданыстағы талаптарды түсіндіреді.
Алимент түсетін шотты бұғаттауға бола ма?
Қазақстан заңнамасына сәйкес, алимент алуға арналған арнайы банк шотындағы ақшаға тыйым салуға және одан басқа қарыздарды өндіріп алуға жол берілмейді. Мәселен, алимент алушының өтелмеген несиесі, айыппұлы немесе басқа берешегі болса да, сот орындаушысы арнайы шоттағы алимент қаражатын сол қарыздарды өтеуге пайдалана алмайды. Бұл талап балалар мен еңбекке қабілетсіз адамдарды асырауға арналған қаражатты қорғауды көздейді. Айта кетейік, алимент түсетін арнайы шоттарды қорғау нормасы бұрыннан бар. Ал 2026 жылғы 25 тамызда күшіне енген өзгеріс алиментті аудару тәртібіне қатысты. Әділет министрлігінің ресми түсіндірмесіне сәйкес, сот орындаушысы арқылы өндірілген алимент енді тек осы төлемге арналған арнайы банк шотына аударылады. Жаңа талап 2026 жылғы 24 маусымдағы №325-VIII заңмен енгізілген. Соған сәйкес «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заң 102-1-баппен толықтырылды.
Алимент кәдімгі банк картасына түссе ше?
Мұнда арнайы алименттік шот пен күнделікті пайдаланылатын банк шотының айырмашылығын ескеру қажет. Мысалы, азамат алиментті жалақысы, жеке аударымдары және басқа да қаражаты түсетін кәдімгі банк картасына алып жүр делік. Егер оның өтелмеген берешегі болса, бұл шотқа шектеу қойылуы мүмкін.
Себебі кәдімгі банк шоты алимент алуға арналған арнайы шот ретінде рәсімделмеген.
Сондықтан алимент алушыларға қаражатты бөлек шотқа қабылдау маңызды. Бұл оның басқа түсімдермен араласпауына және қарыз бойынша өндіріп алудан қорғалуына мүмкіндік береді.
Арнайы алименттік шотты кім ашуы керек?
Жаңа талап сот орындаушысы арқылы, яғни атқарушылық іс жүргізу шеңберінде алимент алатын азаматтарға қатысты. Олар банктен алимент қабылдауға арналған арнайы шот ашып, оның деректемелерін сот орындаушысына ұсынуға міндетті. Мұндай шоттарды ашу тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі бекіткен банк шоттарын ашу, жүргізу және жабу қағидаларымен реттеледі. Ал алиментті сот орындаушысының қатысуынсыз, өзара келісім бойынша тікелей аударып жүрген азаматтарға жаңа талаптың қолданылатынын нақты төлем тәртібіне қарай ажырату қажет. Өйткені заңдағы 102-1-бап сот орындаушысы арқылы жүргізілетін аударымдарға арналған.
Арнайы шот ашылмаса, алимент төленбей ме?
Әділет министрлігінің мәліметінше, арнайы банк шотының болмауы борышкерді алимент төлеу міндетінен босатпайды. Алайда алушы арнайы шоттың деректемелерін ұсынғанға дейін сот орындаушысы өндірілген қаражатты оған аудара алмайды. Мұндай жағдайда сот орындаушысы алимент алушыға арнайы шот ашып, деректемелерін ұсыну қажеттігін хабарлауы тиіс. Қажетті мәліметтер берілгеннен кейін ақша белгіленген тәртіппен аударылады.
Бұл ретте алимент бойынша қалыптасқан берешек жойылмайды және есептен шығарылмайды.
Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми ақпаратында түсіндірілген.
Алимент түсетін шот бұғатталса, не істеу керек?
Егер алимент түсетін шотқа тыйым салынса, алдымен банкке хабарласып, шектеудің себебін және оны кім қойғанын анықтау қажет. Егер шотты сот орындаушысы бұғаттаса, алимент алушы қаражаттың мақсатын растайтын құжаттармен бірге тыйымды алып тастау туралы өтініш бере алады. Ол үшін банк шотының деректемелері, шот бойынша үзінді көшірме, алимент тағайындау туралы сот шешімі немесе басқа да растайтын құжаттар қажет болуы мүмкін. Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті азаматтардың Adilet.gov мобильді қосымшасы арқылы жеке сот орындаушысына өтініш бере алатынын түсіндірген.
Ведомство 2026 жылғы сәуірде жалақы, алимент, зейнетақы және мемлекеттік жәрдемақы түсетін шоттардан заңсыз қойылған тыйымдарды алып тастауға бағытталған арнайы науқан да өткізген.
Министрлік шоттағы шектеудің алынуы азаматты өзге берешегін өтеу міндетінен босатпайтынын ескертеді. Яғни алимент қаражаты қорғалғанымен, адамның несие немесе басқа да қарыздары сақталады.
Осылайша, Қазақстанда алиментке арналған арнайы банк шотындағы ақша заңмен қорғалады. Ал 2026 жылғы 25 тамыздан бастап сот орындаушысы арқылы алимент алатын азаматтар қаражатты қабылдау үшін арнайы шоттың деректемелерін ұсынуға міндетті. Бұл алименттің басқа қарыздар есебінен өндіріліп кетуінің алдын алуға бағытталған.


