Жалған медициналық жабдықтарды сатқан күдікті Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланды

Фото: Бас прокуратура баспасөз қызметі
Қазақстанда өндірілген деген жалған құжаттар арқылы мемлекеттік ауруханаларға медициналық жабдықтар жеткізіп, мемлекетке 4,5 млрд теңгеден астам шығын келтірді деген күдікке ілінген азамат Грузиядан экстрадицияланды, деп хабарлайды NoFake.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Бас прокуратураның мәліметінше, күдікті мемлекеттік медициналық ұйымдардың тендерлерінде артықшылыққа ие болу үшін отандық тауар өндіруші мәртебесін заңсыз алу схемасын ұйымдастырған. Тергеу деректеріне сәйкес, ол Қазақстанда медициналық техника өндірісін жолға қоймай-ақ, уәкілетті мемлекеттік органдарға жабдықтардың ел ішінде өндірілетіні туралы жалған мәлімет ұсынған.
«Шетелдік жинақтаушы бөлшектерден құрастырылған медициналық техника мемлекеттік медициналық ұйымдарға отандық өнім ретінде өткізіліп, мемлекетке 4,5 млрд теңгеден астам залал келтірілген», – делінген Бас прокуратураның хабарламасында.
Қылмыстық қудалаудан бой тасалаған күдікті халықаралық іздеуге жарияланған. Биыл наурыз айында ол Грузияда ұсталған.Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен күдіктіні елге экстрадициялады.
«Қазір күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды. Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген», – деп хабарлады Бас прокуратура.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері Грузиядан Қазақстанға жеті адам экстрадицияланған. Олардың бесеуі жымқыру қылмыстары бойынша іздеуде болған.


