NoFake

Эль-Ниньо құбылысы Қазақстанның ауа райына әсер ете ме: 2027 жылға қатысты болжам

Эль-Ниньо құбылысы Қазақстанның ауа райына әсер ете ме: 2027 жылға қатысты болжам

Фото: Қазгидромет

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым Тынық мұхитындағы Эль-Ниньо құбылысының күшеюі 2026 жылдың соңында әлемнің бірқатар аймағындағы ауа райына ықпал етуі мүмкін екенін мәлімдеді. Қазақстанға бұл феномен қалай әсер етеді? NoFake.kz редакциясы мамандар пікірін білді.

Эль-Ниньо – Тынық мұхитының орталық және шығыс бөліктеріндегі су бетінің жылынуынан туындайтын табиғи құбылыс. Ол мұхиттағы температураның өзгеруімен шектелмейді: атмосфералық қысым мен ауа массаларының қозғалысына да ықпал етіп, әлемнің әртүрлі бөлігіндегі климаттық жағдайды өзгертуі мүмкін. Құбылыстың қалыптасуына пассат желдерінің әлсіреуі әсер етеді. Әдетте бұл желдер мұхиттың жылы суын батысқа қарай ығыстырады. Ал желдің күші төмендегенде жылы су Тынық мұхитының шығыс бөлігіне қарай таралып, сол аумақта температура жоғарылайды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ география және табиғатты пайдалану факультеті метеорология және гидрология кафедрасының аға оқытушысы Гүлнар Орақова Эль-Ниньоның Қазақстанға тікелей әсер етпейтінін, алайда атмосфералық процестер арқылы елдің ауа райына жанама ықпал етуі мүмкін екенін түсіндірді.

«Қазақстан мұхиттан алыс орналасқандықтан, Эль-Ниньоның тікелей әсеріне ұшырамайды. Дегенмен Тынық мұхитында басталған өзгерістер атмосфералық толқындар арқылы Еуразиядағы ауа айналымына әсер етуі мүмкін. Қыс мезгілінде Қазақстанның температуралық режиміне Сібір антициклонының белсенділігі де ықпал етеді», – дейді маман.

Оның айтуынша, 2026 жылдың күзінде Эль-Ниньо белсенді даму кезеңіне өтіп, күшейіп келеді. Құбылыстың әсері қыс мезгілінде, әсіресе желтоқсаннан бастап айқынырақ сезілуі мүмкін.

Орталық Азияда жауын-шашын көбейе ме?

Қазгидрометтің NoFake.kz редакциясына берген жауабында Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның болжамына назар аударылған. Ұйымның бағалауынша, 2026 жылдың соңына қарай Эль-Ниньоның қарқындылығы артып, әлемнің түрлі аймағында температура мен жауын-шашынның таралуына әсер етуі ықтимал.

«2026 жылғы қазан–желтоқсан аралығында Орталық Азияның жекелеген аймақтарында жауын-шашын мөлшерінің климаттық нормадан жоғары болу ықтималдығы бар», – деп хабарлады Қазгидромет редакциямызға.

Ауа райын болжау қызметінің зерттеулерінде де Қазақстан аумағында бұл құбылыстың әсері біркелкі байқалмайтыны көрсетілген. Әсіресе оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде суық маусым кезінде жауын-шашын мөлшерінің арту үрдісі байқалған.

Алайда бұл болжамды алдағы қыста міндетті түрде мол қар жауады немесе су тасқыны болады деп түсінуге болмайды. Эль-Ниньоның ықпалы өңірдің географиялық ерекшелігіне, маусымға және сол кезеңдегі атмосфералық жағдайға байланысты өзгереді.

«Эль-Ниньоның болуы құрғақшылық, су тасқыны немесе басқа да экстремалды ауа райы құбылыстары міндетті түрде болады деген сөз емес. Оның ықпалы әр маусым мен өңірде әртүрлі байқалады. Қазгидромет жағдайды бақылап, маусымдық болжамдарды нақтылауды жалғастырып жатыр», – деп мәлімдеді редакциямызға Қазгидромет өкілдері.

Демек, 2027 жылы Эль-Ниньо Орталық Азияға айтарлықтай әсер етуі мүмкін деген климаттық болжамдар бар. Бірақ Қазақстанда ауа райы күрт өзгереді немесе табиғи апаттар көбейеді деген нақты қорытынды жасауға әзірге негіз жоқ. Алдағы кезеңдегі жағдайды бағалау үшін синоптиктердің өңірлер бойынша маусымдық болжамдарына сүйену қажет. Бұған дейін біз соңғы 50 жылда Қазақстанда климат қалай өзгергені жайлы жаздық.

Оқу үшін