NoFake

Түркияда 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салынды

Түркияда 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салынды

Фото: magnific.com

Түркияда 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынды. Жаңа ереже 2026 жылғы 1 қарашадан бастап күшіне енді, деп хабарлайды Anadolu Ajansı агенттігіне сілтеме жасап NoFake.kz.

Жаңа талапқа сәйкес, 15 жасқа толмаған балалар әлеуметтік желілерде аккаунт аша алмайды. Ал 15–17 жас аралығындағы жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді пайдалануға рұқсат етілгенімен, бірқатар шектеу қойылады.

Түркияның Отбасы және әлеуметтік қызметтер министрі Махинур Өздемир Гөкташ жаңа ереженің балалар үшін қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыруға бағытталғанын мәлімдеді.

«Күшіне енген жаңа ережеге сәйкес, 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желі қызметтері ұсынылмайды. Тек 15–18 жас аралығындағы жасөспірімдер аккаунт аша алады. Олар үшін жас ерекшеліктеріне сай арнайы қызметтер қарастырылады», – деді министр.

Жаңа ереже қалай жұмыс істейді?

Әлеуметтік желіде жаңадан тіркелетін пайдаланушылар жасын Түркияның e-Devlet электрондық үкімет жүйесі арқылы растауы тиіс. Ал бұрыннан ашылған аккаунттарды тексеру 2027 жылғы 31 наурызға дейін аяқталуы керек.

15 жасқа толмаған пайдаланушылардың қолданыстағы аккаунттары жасын тексеру нәтижесінде жабылады. 15–17 жастағы жасөспірімдердің аккаунттары автоматты түрде жабық режимге көшіріледі. Оларға тікелей эфир жүргізуге, жекелендірілген жарнама көрсетуге және экранды шексіз айналдыруға мүмкіндік беретін функцияларды пайдалануға шектеу қойылады.

Сондай-ақ жасөспірімдер тек өздері жазылған аккаунттардан хабарлама ала алады. Басқа пайдаланушылар олардың жазылушылары мен жазылымдарының тізімін көре алмайды.

Жаңа ережеге сәйкес, әлеуметтік желі платформалары ата-аналық бақылау құралдарын енгізуге міндетті. Ата-аналар балаларының желіде өткізетін уақытын шектеп, аккаунт баптауларын басқара алады.

Қазақстанда да осындай шектеу ұсынылған

Қазақстанда да балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына жас шектеуін енгізу мәселесі көтерілген. 2026 жылғы 26 тамызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салу туралы заң жобасын қарауды ұсынды. Кейін 28 тамызда Құрылтайдың бірінші сессиясында Үкімет бастамасын қолдайтынын мәлімдеді.

«Үкімет 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне заң арқылы тыйым салуды ұсынып отыр. Бұл мәселеге таяуда өткен Тамыз конференциясында арнайы тоқталып өттім. Мұндай шара әлемнің көптеген елінде қабылданып жатыр. Мен мұны қолдаймын», – деді Мемлекет басшысы.

Президент шектеуді заң жүзінде бекітумен ғана шектелмей, оның іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті.

Ал 14 қазанда Мәдениет және ақпарат министрлігі әлеуметтік желілерде пайдаланушылардың жасын растау тетіктері әзірленіп жатқанын хабарлады. Осылайша, Түркияда 15 жасқа толмаған балаларға қатысты шектеу күшіне енсе, Қазақстанда 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуін шектеу мәселесі пысықталып жатыр.

Оқу үшін