Шымкентте блогер полиция формасын киген: департамент түсініктеме берді

Коллаж: NoFake.kz
Threads әлеуметтік желісінде блогердің полиция формасын киіп түсірген видеосы қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылары оның қандай негізде полиция киімін кигеніне және шынымен полицияға жұмысқа орналасқан-орналаспағанына қатысты сұрақтар көтерді. Осыған байланысты NoFake.kz редакциясы Шымкент қаласының Полиция департаментіне ресми сауал жолдады.
Департаменттің мәліметінше, блогер полиция формасын имидждік бейнеролик түсіру үшін киген. Бұл баспасөз қызметімен алдын ала келісілген.
«Блогердің формалық киімді пайдалануы Полиция департаментінің баспасөз қызметімен келісілді және бұл тек имидждік бейнеролик түсіру аясында бірлесіп жүзеге асырылды», – деп хабарлады департамент.

Полиция департаменті блогердің құқық қорғау органдарына жұмысқа орналасқаны туралы желіде тараған ақпаратты да жоққа шығарды. Ол полиция қызметкері ретінде ешқандай міндет атқармаған және қызметтік іс-шараларға қатыспаған.
«Ол полиция қызметкерінің функцияларын орындаған жоқ және полицей ретінде ешқандай іс-шараларға қатысқан жоқ», – делінген ресми жауапта.
Полиция формасын кез келген адам кие ала ма?
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 675-бабының 1-бөлігіне сәйкес, әскери киімнің айырым белгілері немесе рәміздері бар киімді, сондай-ақ формалық және арнайы киімді заңсыз киген немесе пайдаланған жеке тұлғаларға 5 АЕК, заңды тұлғаларға 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Сонымен қатар Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 27 қыркүйектегі №707 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес, ІІМ-мен келісілмеген жағдайда азаматтық тұлғаларға түрлі іс-шараларда полицияның айырым белгілері мен рәміздері бар формалық және арнайы киімін пайдалануға тыйым салынады.
Осылайша, Шымкенттегі блогердің полиция формасын киюі департаменттің баспасөз қызметімен келісілген түсірілім аясында жүзеге асқан. Ал оның полиция қатарына қабылданғаны туралы ақпарат расталмады.

