NoFake

Астанадағы пәтер дауы: талап-арыздың қайтарылуын Конституциямен байланыстыру неліктен қате?

Астанадағы пәтер дауы: талап-арыздың қайтарылуын Конституциямен байланыстыру неліктен қате?

Фото: istockphoto.com

Әлеуметтік желілерде отандық БАҚ-тың бірінде Конституциядағы жаңа тұжырым жалға алушыларды үйден шығаруды қиындатуы мүмкін екендігі жайлы жазылды. Алайда Конституциялық сот пен қазақстандық заңгердің түсіндіруінше, жалға алушыларды сот тәртібімен шығару заңнамада бұрыннан көзделген.

Жазбада Астанадағы пәтерін баласы бар әйелге жалға берген Айгүл есімді қыздың оқиғасы баяндалады. Пәтер иесінің айтуынша, үш айдан кейін жалға алушы тұрғын үй ақысын төлеуді тоқтатып, пәтерді босатудан бас тартқан.

Скрин жазбадан

Жазбада Айгүл сотқа дейінгі талап қою арқылы мәселені шешуге тырысқанымен, нәтиже болмаған соң азаматтық сотқа жүгінгені айтылған. Алайда талап-арыз қайтарылған. Сот пәтерде бала тұратындықтан, дауды кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қарау қажет екенін түсіндірген. Апелляциялық саты да бұл шешіммен келіскен.

Скрин жазбадан

Жазбада пәтер иесі туындаған қиындықтарды Конституцияның 28-бабындағы жаңа тұжырыммен байланыстырған. Оған сәйкес, тұрғын үйден айыруға және одан шығаруға тек сот шешімімен ғана жол беріледі.

Алайда бұл ереже Конституцияда алғаш рет енгізіліп, үй иелерінің құқықтарын шектеді деу дұрыс емес.

Тұрғын үйден шығарудың сот тәртібі бұрыннан қолданылады

Заңгер Назар Абиновтың түсіндіруінше, тұрғын үйден шығару үшін сотқа жүгіну қажеттілігі Азаматтық кодекс пен «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңда көзделген.

«Жаңа Конституцияда тұрғын үйден шығарудың сот тәртібі нақты бекітілгенімен, бұл азаматтарды үйден шығаруға қатысты жаңа тыйым енгізілді дегенді білдірмейді. Мұндай тәртіп бұрын да болған. Өйткені тиісті қатынастар «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңмен және азаматтық процестік заңнамамен реттелген әрі қазір де реттеледі», — деп түсіндірді заңгер.

Демек, тұрғын үйден шығарудың сот тәртібі жаңа норма емес және Конституцияға өзгерістер енгізілгенге дейін де қолданыста болған.

Сот талап-арызды неліктен қайтарды?

Конституциялық сотта азаматшаның талап-арызы істің соттылығына байланысты қайтарылғаны нақтыланды. Бұл ретте соттар дауды мәні бойынша қарамаған және пәтер иесіне жалға алушыларды шығарудан бас тартпаған.

Пәтерде кәмелетке толмаған бала тұратындықтан, оған кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жүгіну қажеттігі түсіндірілген. Алайда талап қоюшы бұл сотқа жүгінбеген.

«Апелляциялық саты бұл шешіммен келісті. Сонымен қатар соттар дауды мәні бойынша қарамаған және пәтер иесіне жалға алушыларды шығарудан бас тартпаған. Талап қоюшы ювеналды сотқа жүгінбеген», — деп атап өтті Конституциялық сотта.

Ведмоствода мұндай істер бойынша көпжылдық сот тәжірибесі қалыптасқанын да атап өтті. Әдетте, өзгенің тұрғын үйінде тұруға заңды негізі жоқ адамдарды шығару туралы негізделген талап-арыздар қанағаттандырылады.

Талап-арыздың соттылыққа байланысты қайтарылуы меншік иесінің құзыретті сотқа қайта жүгіну құқығынан айырмайды.

Осылайша, бұл жағдай жаңа Конституция тұрғын үй иелерінің құқықтарын шектеді деген тұжырымды растамайды. Талап-арыз процессуалдық себеппен қайтарылған, ал сотта жалға алушыны үйден шығару мәселесі қаралмаған.

Оқу үшін