NoFake

Аустралия премьерінің құлағаны туралы видео – жалған

Скрин видеодан

Әлеуметтік желіде Аустралия премьері Энтони Альбанезенің сахнадан құлап кеткені түсірілгендей жалған видео тарады, деп хабарлайды NoFake.kz  Lead Stories сайтына сілтеме жасап.

Фактчекерлердің айтуынша видео 5 қазанда X әлеуметтік желісінде жарияланған. Жазбада премьердің «кенеттен құлағаны» айтылып, оның денсаулығына қатысты төтенше жағдай немесе қастандық болуы мүмкін деген болжам жасалған.

Мамандар видеоның фонын сол күні Фиджиге барған Албанезенің шынайы сапары кезіндегі кадрлармен салыстырған. Халықаралық жаңалықтар агенттігі APT News жариялаған түпнұсқа видеода премьер-министр қызыл кілем төселген шағын сахнаға жақындайды. Алайда ол сахнадан құламайды.

«Видеоның түсірілген орны шынайы кадрларға ұқсайды, бірақ Альбанезе сахнадан құлаған жоқ», – деп хабарлады Lead Stories.

Фактчек барысында видеода жасанды интеллект белгілері де анықталған. Hive Moderation құралы роликтің 98,8% ықтималдықпен ЖИ көмегімен жасалғанын көрсеткен.

Фото: leadstories.com

Кадрларды визуалды талдау кезінде Альбанезенің денесі табиғи емес түрде қатайып, құлау сәтінде дене бұрышы шынайы қозғалысқа сәйкес келмейтіні байқалған. Сондай-ақ оның қолдары мен саусақтарының пішіні де бұрмаланған.

Lead Stories мәліметінше, егер Австралия премьер-министрі шын мәнінде сахнадан құлап, бетімен жерге соғылған болса, бұл халықаралық ақпарат құралдарында кеңінен тарар еді. Алайда фактчекерлер Google News пен Yahoo News іздеу нәтижелерінен дәл осы оқиғаға қатысты сенімді ақпарат таппаған.

«Біз Альбанезенің бұған дейін құлағаны туралы бірнеше ақпаратты таптық. Алайда олардың ешқайсысы Фиджидегі қызыл сахнада түсірілген бұл видеоға сәйкес келмейді», – делінген фактчек материалында.

Осылайша, басылым әлеуметтік желіде тараған видео – шынайы оқиғаның кадрлары емес, жасанды интеллект көмегімен жасалған контент деген қорытындыға келген. Айта кетейік, бұған дейін біз желіде АҚШ президенті Дональд Трамптың Канада премьер-министрі Марк Карниді тұтқындап жатқан жасанды интеллектпен жасалған сурет тарағаны жайлы жаздық.

Оқу үшін