NoFake

Қорғаныс министрлігіндегі тексеріс: 13 қылмыстық іс қозғалып, бес лауазымды тұлға қамауға алынды

Фото: Aqorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия мүшелерімен кеңес өткізді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы есепті тыңдады. Комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева тексерістің негізгі бағыттары жөніндегі қорытындыны баяндады.

«Жиын барысында Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға Қарулы күштерде қордаланған жүйелік проблемаларды әшкерелегені атап өтілді. Алдын ала тергеу нәтижесі әскери іс-шараларды жоспарлау кезінде өрескел қателіктер жіберілгенін және бұған дейінгі басшылық тарапынан тиісті қадағалау болмағанын көрсетті», — делінген Ақорда хабарламасында.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы алғашқы кадрлық шешімдер қабылданғанын, алайда әскери қызметшілердің қазасына кінәлі лауазымды тұлғалардың барлығы заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуға тиіс екенін мәлімдеді. Бұл ретте, президент аталған мәселе жеке бақылауында болатынын жеткізді.

«Тексерістің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша қылмыстық қудалау органдары мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметін асыра пайдалану фактілеріне, сондай-ақ Қорғаныс министрлігіне қарасты ұйымдар мен құрылымдық бөлімшелер қызметіндегі басқа да заң бұзушылықтарға қатысты 13 қылмыстық іс қозғады», — делінген ресми мәлімдемеде.

Сондай-ақ, Маңғыстау облысындағы трагедияның жай-жапсарын зерттеу барысында оқу-жаттығу жиындарын дайындау және жоспарлау кезінде тәуекелдерді бағалау, десант түсіруді ұйымдастыру және әскерилердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты елеулі кемшіліктерге жол берілгені анықталды.

«Қолбасшылық құрамның қылмысқа парапар салғырттығы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр. Бес лауазымды тұлға тұтқындалды. Тергеу аяқталған соң олардың әрекетіне түбегейлі құқықтық баға беріледі. Сонымен қатар әскери тәртіп пен алдын алу жұмыстарында біршама кемшілік бары анықталды. Әскерилерге әлімжеттік жасау, жарғыға қайшы әрекет ету фактілері әшкереленіп, қылмыстық істер қозғалды», — делінген ресми мәлімдемеде.

Одан бөлек, қауіпсіздік талаптарын, әскери қызметті өткеру шарттарын сақтау, тылды қамтамасыз ету және жеке құраммен тәрбие жұмысын ұйымдастыру мәселелеріне айрықша мән беріліп отырғаны белгілі болды.

«Тексеріс нәтижесі Қарулы күштерді реформалау жоспарын дайындау кезінде ескерілуге тиіс. Жиында қазіргі заманның сын-қатерлеріне қарсы тиімді әрекет ететін жаңа тұрпатты армия қалыптастыру қажеттігіне баса мән берілді. Жаңғыру белгілері әскери тәртіптің күшеюінен, әскери қызметшілерге борышын өтеу кезінде тиісті жағдай жасаудан және қауіпсіздік деңгейінің артқанынан байқалуға тиіс», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Президент тарапынан кешенді тексеріс объективті түрде жүргізіліп, әскердің жауынгерлік әзірлігіне нұқсан келтірмеу қажеттігі атап өтілді. Одан бөлек, Қарулы күштер қатарында Конституциядағы «Заң мен тәртіп» қағидаты мүлтіксіз сақталуы керек екені ескерілді.
Айта кетейік, комиссия жұмысы жалғасып әлі де жалғасып жатыр.

Оқу үшін