NoFake

Энергетикалық сусын көп ішу жүректі тоқтатуы мүмкін бе

Фото: Depositphotos

Энергетикалық сусындардың жүрекке әсері соңғы уақытта жиі талқыланып жүр. UMC Жүрек орталығының кардиологы Исламбек Лаисканов мұнда ең алдымен мөлшерге және адамның денсаулық жағдайына назар аудару қажет екенін айтты, деп хабарлайды NoFake.kz.

Маман энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну жүрек ырғағына кері әсер етуі мүмкін екенін атап өтті. Әсіресе аритмиясы немесе жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдарға мұндай сусындардан бас тартқан дұрыс.

«Энергетикалық сусындарды шамадан тыс көп пайдалану жүрекке өз зиянын тигізуі мүмкін. Әсіресе жүрек аритмиясын қоздыруы мүмкін», — деді кардиолог.

Дәрігердің айтуынша, бірнеше банка энергетикті қатарынан немесе күн сайын көп мөлшерде ішу қауіпті болуы мүмкін.

«Бізге күніне бес-алты банкасын ішіп, ауырып түскендер бар.Энергетиктерді олай мөлшерден тыс ішу зиян. Біз жүрегі ауыратын адамдарға энергетикалық сусын ішуге кеңес бермейміз», — деді кардиолог дәрігер.

Айта кетейік, бұған дейін біз «Адамның жүрегі жұдырығындай болатыны рас па?» деген сауалға жауап бердік.

Оқу үшін