NoFake

ТЖ кезінде жалған ақпарат үшін жауапкершілік журналиске де жүктеледі – сарапшы

Коллаж: NoFake.kz

Төтенше жағдайлар кезінде адамды қорқыныш, алаңдаушылық немесе ашу сезімдері тексерілмеген ақпаратты жылдам таратуға итермелеуі мүмкін. Ақпараттық қауіпсіздік сарапшысы Александра Волкова мұндайда жауапкершілік тек қолданушыға емес, оны жариялайтын журналистер мен медиа өкілдеріне де жүктелетінін атап өтті, деп хабарлайды NoFake.kz

PR-директоры, ақпараттық қауіпсіздік саласының сарапшысы Александра Волкованың айтуынша, ақпаратты тексеру міндетін тек әлеуметтік желі қолданушысына артуға болмайды. Волкова қарапайым адамның кәсіби журналист немесе фактчекер емес екенін атап өтеді.

«Қарапайым қолданушы журналист те, фактчекер де емес. Сондықтан ол ақпаратты жариялаған жаңалық ресурсы, паблик немесе адам оны алдын ала тексерді деп есептейді», — дейді сарапшы.

Осы себепті ақпаратты алғаш жариялайтын медиа үшін жауапкершілік жоғары. Әсіресе төтенше жағдай кезінде «бірінші болып хабарлау» мақсаты дереккөзді тексеруден басым болмауы керек. Сарапшының пікірінше, ақпараттық қауіпсіздік — тек технология немесе инфрақұрылымды қорғау мәселесі емес. Ол қоғамның ақпаратты қабылдау мәдениетімен де тікелей байланысты.

«Ақпараттық қауіпсіздік — тек технологиялар мен инфрақұрылымды қорғау емес. Бұл адамның цифрлық ақпаратты сыни қабылдап, алдында не тұрғанын түсіне білу қабілеті. Сондықтан мұнда тек қолданушының жауапкершілігі емес, журналистердің, платформалардың, мемлекеттің, киберқауіпсіздік мамандарының және қолданушылардың бірлескен жұмысы қажет», — деп атап өтті Александра Волкова.

Сондықтан маман төтенше жағдай кезінде журналист үшін негізгі қағида — жылдамдық пен нақтылықтың арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Сарапшы әлеуметтік желідегі «жедел» видео, белгісіз дереккөзден келген дерек немесе эмоция тудыратын фото ақпаратқа айналмас бұрын тексерілуі керектігін алға тартады.

«Өйткені бір рет жарияланған қате мәліметті кейін түзету оны бастапқыда дұрыс тексеруден әлдеқайда қиын», — деді маман.

ТЖ кезінде ақпаратты қалай тексеру керек?

Волкованың пікірінше, мұндай контенттің әсері оның шынайылығынан ғана емес, адамның эмоциясына ықпал етуіне де байланысты. Манипуляция тек фейктің өзіне байланысты жұмыс істемейді.

«Ол адамның оған берген реакциясы арқылы да әсер етеді. Эмоция неғұрлым күшті болса, адам ақпаратты тексеруге соғұрлым аз уақыт жұмсайды және оның өзі осы контенттің әрі қарай таралуына ықпал етуі мүмкін. Әсіресе қайғылы оқиғалар кезінде қорқыныш, алаңдаушылық немесе ашу ақпаратты жылдам таратуға итермелеуі мүмкін», — дейді сарапшы.

Сондықтан маман төтенше жағдайлар кезінде журналистер үшін жылдамдықпен қатар, ақпараттың дұрыстығын тексеру де маңызды екенін айтады. Айта кететіні, эмоциясы күшті ақпараттың есте жақсы сақталатыны және кейін оның мазмұны туралы пайымға әсер етуі мүмкін екені ғылыми зерттеулерде де қарастырылған.

«Төтенше жағдай кезінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде оқиғаға қатысты түрлі құжаттар, скриншоттар, аудио, видео немесе «ішкі дерек» ретінде ұсынылатын ақпарат тарауы мүмкін. Мұндай материалдар «слив» (деректердің жылыстау) ретінде қабылданып, ақпарат құралдарына да жетеді», — дейді маман.

Алайда оның желіде пайда болуы ақпараттың автоматты түрде шынайы екенін білдірмейді. Мұндай жағдайда журналист материалдың қайдан шыққанын, оны алғаш кім жариялағанын, деректің басқа тәуелсіз ақпарат көздері арқылы расталғанын анықтауы керек. Александра Волкова ақпаратпен жұмыс істегенде тек дайын фейкті жоққа шығарумен шектелмеу керектігін айтады.

«Контенттің шығу тегін түсіну керек: ол қайдан пайда болды, оны алғаш кім таратты, оның контексті қалай өзгерді және ол қандай мақсатта қолданылуы мүмкін? Тек осылай ғана мәселемен жүйелі түрде жұмыс істеуге болады», — дейді ол.

Бұл қағида әсіресе ТЖ кезіндегі журналистика үшін маңызды. Өйткені расталмаған «сливті» жедел жариялау кейін оны басқа ақпарат құралдарының да дереккөз ретінде пайдалануына әкелуі мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін біз ақпараттық қауіпсіздікке қатысты нейрожеліге қандай деректерді беруге болмайтыны жайлы жаздық.

Оқу үшін