«14 саны», Суккот және Қытай: Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін күмәнді теорияларды кімдер таратып жатыр

Коллаж: NoFake.kz
Маңғыстауда әскери қызметшілер қаза тапқаннан кейін әлеуметтік желіде оқиғаның себебіне қатысты расталмаған түрлі нұсқа тарай бастады. Кей қолданушылар бір-біріне қатысы жоқ оқиғаларды байланыстырып, 14 санынан «заңдылық» іздесе, енді бірі сарбаздардың қазасын еврейлердің Суккот мерекесімен немесе Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынаспен байланыстырады. NoFake.kz осындай жазбаларды және оларды таратқан аккаунттарды қарап шықты.
Қорғаныс министрлігінің соңғы ресми мәліметіне сәйкес, 24 қыркүйекте оқу-жауынгерлік міндетті орындау кезінде ауа райы күрт нашарлап, әскери қызметшілерді ашық теңізге алып кеткен. Үш әскери қызметші құтқарылып, 14 адам қаза тапты. Оқиғаның мән-жайы бойынша тергеу жүріп жатыр. Алайда тергеу аяқталмай жатып әлеуметтік желіде қайғылы жағдайға қатысты балама нұсқалар көбейген.
Бір-біріне қатысы жоқ оқиғаларды байланыстыра бастаған

Threads желісіндегі жазбалардың бірінде автор 14 әскери қызметшінің қазасын басқа қайғылы оқиғалармен байланыстырады. Ол Хазардағы және Семейдегі өрт кезінде 14 адамның қаза болғанын, Мәскеуде 14 қырғызстандық қыздың көз жұмғанын алға тартып, мұны кездейсоқ сәйкестік емес дегенге меңзейді.
Осы жазбада 14 сарбаздың қазасы еврейлердің Суккот мерекесімен де байланыстырылған. Автор бірнеше оқиғаның арасынан ортақ санды таңдап алып, олардың арасында байланыс болуы мүмкін деген болжам ұсынады. Алайда бірнеше оқиғада бірдей санның кездесуі олардың бір-бірімен байланысты екенін дәлелдемейді. Скриншоттағы жазбаларда да мұндай байланысты растайтын дереккөз, құжат немесе басқа дәлел келтірілмеген.
Тағы бір аккаунт Каспийдегі әскери оқу-жаттығудың атауындағы «Хазар» сөзін Хазар қағанаты және иудаизммен байланыстырып, оқиға мен еврей мерекесінің арасында байланыс бар деген ой тастайды. Бұл жазбада да қайғылы жағдайдың Суккот мерекесіне қатысы барын растайтын нақты дерек ұсынылмаған.
Қытаймен де байланыстырып жатыр

Желідегі тағы бір жазбада автор сарбаздардың қазасын Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстармен қатар қойып, «Қытай–Қазақ форумы», елде салынып жатқан зауыттар туралы жазады.
Бірақ бұл жазбада да Қытаймен байланысты жобалардың Каспийдегі оқиғаға қандай қатысы бары түсіндірілмеген және екі жағдайдың арасында себеп-салдарлық байланыс барын дәлелдейтін ақпарат жоқ.
Яғни әртүрлі тақырыптар бір жазбаға біріктірілгенімен, олардың өзара байланысы дәлелденбеген.
Бір аккаунттың жазбалары түгелге жуық бір оқиғаға арналған
NoFake.kz редакциясы Threads-тегі lesmemoriesdaru_ есімді қолданушының парақшасын да қарап шықты. Парақша 2025 жылғы шілдеде ашылған. Алайда қазір онда жарияланған жазбалардың басым бөлігі Ақтаудағы әскери қызметшілердің қазасына қатысты. Аккаунтта қолданушының аты-жөні мен жеке фотосы көрсетілмеген.
Парақшаға тіркелген Instagram аккаунты жабық. «Аккаунт туралы ақпарат» бөлімінде пайдаланушы аты бұған дейін алты рет өзгертілгені көрсетілген.

Мұның өзі аккаунттың жалған екенін дәлелдемейді. Аты-жөнін көрсетпеу, парақшаны жабық ұстау немесе пайдаланушы атын өзгерту әлеуметтік желіде қалыпты жағдай болуы мүмкін. Бірақ ақпараттың сенімділігін бағалағанда аккаунттың кімге тиесілі екені, бұрын қандай контент жариялағаны және белгілі бір оқиға туралы ғана белсенді жаза бастаған-бастамағаны маңызды.
Біз қараған жазбалардың едәуір бөлігінде бір ерекшелік байқалады: авторлар ресми тергеу нәтижесіне немесе тексеруге болатын деректерге емес, әртүрлі сәйкестіктерге сүйеніп болжам жасайды. 14 саны, діни мереке, Хазар қағанаты, Қытаймен экономикалық байланыс секілді бір-бірінен бөлек тақырыптар Каспийдегі оқиғамен қатар қойылып, олардың арасында жасырын байланыс бар деген әсер қалыптастырылады. Бірақ дәл осындай контент қайғылы оқиға туралы тексерілмеген нұсқалардың таралуына ықпал етеді.
Репост жасамас бұрын аккаунттың өзіне қараңыз
Қазір әлеуметтік желіде бұрын жарияланған жазбаларды, басқа елдердегі оқиғаларды, кездейсоқ сәйкестіктерді немесе ескі видеоларды Каспийдегі қайғылы жағдаймен байланыстыру әрекеттері кездесіп жатыр. Сондықтан тек жазбаның мәтініне емес, оны кім және қашан жариялағанына да назар аударған жөн.
Автордың парақшасын ашып, оның бұрын не жазғанын, аккаунт қашан құрылғанын, бастапқы дереккөз көрсетілген-көрсетілмегенін және айтылған тұжырымға нақты дәлел бар-жоғын тексеру керек. Қазіргі таңда қайғылы оқиғаның нақты себептерін қазір уәкілетті органдар анықтап жатыр. Сондықтан әлеуметтік желідегі кез келген «нұсқаны» факт ретінде емес, оны растайтын дәлелі бар-жоғына қарап бағалау маңызды.
Айта кетейік, ҚР ҚК 274-бабында көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген. Мұндай ақпарат онлайн-платформаларды пайдалана отырып таратылған жағдайда, жаза үш жылға дейін бас бостандығынан айыруды, ал ауыр зардаптарға әкеп соққан жағдайда бес жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздеуі мүмкін.


