Қаза болған әскерилердің отбасына көмек жинайтын бірыңғай қор белгіленді

Фото: gov.kz
Маңғыстау облысында Каспий теңізінде әскери міндетін орындау кезінде қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына материалдық көмек жинаудың бірыңғай ресми тетігі белгіленді. Қаражат «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігі арқылы жиналады, деп хабарлайды NoFake.kz облыс әкімдігіне сілтеме жасап.
Әкімдік мәліметінше, қаза болғандардың отбасыларына қолдау көрсеткісі келетін азаматтардан, кәсіпкерлер мен түрлі ұйымдардан өтініштер түсіп жатыр. Осыған байланысты қаражат жинауды жүйелеу және алаяқтықтың алдын алу үшін бірыңғай оператор белгіленген.
«Қорға түсетін барлық қаражат тек қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларын қолдауға бағытталады. Қаражаттың жұмсалуы қатаң түрде нысаналы мақсатқа сай және толық ашықтық қағидаттары негізінде жүзеге асырылады», — деп мәлімдеді Маңғыстау облысының әкімдігі.
Қор қызметі мен оған түсетін қаражаттың қозғалысы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бақылауында болады.
Қазіргі уақытта Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына 815 млн теңге материалдық көмек жинаған. Әкімдік көмек көрсеткісі келетін азаматтарды қаражатты тек ресми реквизиттер арқылы аударуға шақырды.
«Алаяқтық әрекеттердің алдын алу мақсатында қаражатты жеке банк карталарына, жеке тұлғалардың шоттарына немесе белгісіз реквизиттерге аудармауды сұраймыз», — делінген әкімдік хабарламасында.
Ресми реквизиттер:
«Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігі
БСН: 090140013447
Банк: «Alatau City Bank» АҚ
БСК: TSESKZKA
ЖСК: KZ03998PTB0000488655
Валюта: KZT.
Еске салайық, 24 қыркүйекте Каспий теңізінің акваториясында әскери міндеттерін орындау кезінде қазақстандық әскери қызметшілер қаза тапты. Қайғылы оқиғадан кейін қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсету басталып, азаматтар мен бизнес өкілдері материалдық қолдау білдіруге ниет танытты. Әкімдік мәліметінше, бүгінгі таңда Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері 815 млн теңге көлемінде материалдық көмек жинаған.
Азаматтарға қаражат жинау туралы ақпаратты тек мемлекеттік органдардың ресми хабарламаларынан тексеріп, расталмаған дереккөздерде көрсетілген реквизиттерге ақша аудармау ұсынылады.


