Қарағандыдағы университеттердің бірінде туберкулез тарағаны рас па

Фото: buketov.edu.kz
Әлеуметтік желіде Қарағандыдағы университтердің бірінде туберкулез дерті таралғанын, тіпті кей топтар карантинге кеткені туралы ақпарат тарады. Nofake.kz ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.
Желі неге шулады?
Әлеуметтік желі қолданушыларының арасында Қарағандыдағы университтердің бірінде туберкулез таралғаны, сол себепті топтарды карантинге жабуы қажет туралы ақпарат тарады.

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті не дейді?
Аталған ақпараттың рас-өтірігін білу үшін, Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарластық. Ведомство желіде тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
«Қарағанды қаласындағы академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетіндегі туберкулезге қатысты жағдай туралы әлеуметтік желілерде, оның ішінде қажетті шаралардың қабылданбағаны және ауруға шалдыққандардың саны туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таралып жатқанын хабарлайды. Аталған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ ведомство қазіргі уақытта тіркелген туберкулез жағдайы бойынша эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп жатқанын алға тартты.
«Инфекция ошағында оны оқшаулауға және инфекцияның одан әрі таралуына жол бермеуге бағытталған қажетті санитариялық-гигиеналық, емдеу-профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені ұйымдастырылып, жүргізілуде», — делінген хабарламада.
Департамент мәліметінше, әлеуметтік желілерде таралып жатқан ауруға шалдыққандардың саны туралы ақпарат ресми деректермен расталмаған.
«Эпидемиологиялық тексеру аяқталып, расталған деректер алынуына қарай оның нәтижелері туралы өзекті ақпарат ұсынылады. Сондай-ақ, Қазыбек би атындағы ауданның санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы карантин енгізу туралы қаулы шығарған жоқ», — делінген хабарламада.
Ведомство азаматтарды тексерілмеген ақпаратты таратпауға және тек мемлекеттік органдардың ресми мәліметтеріне сүйенуге шақырды. Эпидемиологиялық тексерудің қорытындысы тексеру толық аяқталып, барлық дерек нақтыланғаннан кейін Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ресми интернет-ресурсында жарияланады.
Түйін
Осылайша, Қарағанды ұлттық зерттеу университетіндегі туберкулез жағдайына қатысты әлеуметтік желілерде тараған науқастардың саны мен тиісті шаралар қабылданбағаны туралы ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, эпидемиологиялық тексеру әлі жалғасып жатыр. Сондай-ақ Қазыбек би ауданында карантин енгізу туралы қаулы қабылданбаған. Тексеру аяқталғаннан кейін нақты деректер ведомствоның ресми ресурстарында жарияланады.


