Сотталғандар «жұмыс істеген»: Павлодарда жалған есеп әшкере болды

Иллюстративное фото: Depositphotos
Павлодар облысының прокуратурасы сотталғандардың еңбекпен қамтылу көрсеткіштерін қолдан арттыру фактілерін анықтады. Құжат бойынша жұмысқа орналастырылғандардың 289-ы іс жүзінде жұмыс істемеген.
Прокуратура жүргізген талдау барысында есепке іс жүзінде жұмыс істемеген және еңбек шарты жасалмаған сотталғандар енгізілгені белгілі болды.
Ресми есеп бойынша, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің бірінде еңбекке қабілетті 855 сотталғанның 494-і жұмысқа орналастырылған деп көрсетілген.
Алайда зейнетақы аударымдары мен әлеуметтік төлемдер туралы мәліметтер тексерілгенде, іс жүзінде 205 сотталғанның ғана жұмыс істегені расталған.
«Осылайша, 289 адам іс жүзінде жұмысқа орналастырылмаған, ал еңбекпен қамту көрсеткіші 2,5 есеге артық көрсетілген», — деп хабарлады Павлодар облысының прокуратурасы.
Ведомство мәліметінше, 289 сотталғанды жалған жұмысқа орналастыру «Еңбек-Павлодар» филиалының бұйрығымен ресімделген. Прокуратура мұндай бұзушылықтарға сотталғандарды жұмыспен қамту жұмысының тиісінше ұйымдастырылмауы себеп болғанын анықтады.
Тексеру қорытындысы бойынша прокуратура ұсыну енгізіп, оны қарау нәтижесінде кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.


