NoFake

Маңғыстауда 9 әскери қызметші қаза тапты: Қорғаныс министрлігі оқиғаның себебін түсіндірді

Фото: Depositphotos

Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапты. Ақпаратты Қазақстанның Қорғаныс министрлігі растады. Тағы жеті әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде болған. Ауа райы күрт нашарлап, желдің күшеюінен әскери қызметшілерді теңіз алып кеткен.

Алдын ала мәлімет бойынша, барлығы 19 әскери қызметші суға кеткен.

«Қазіргі уақытта оның 9-ы, өкінішке қарай, қайтыс болды. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жүргізілуде», — деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Осылайша, министрлік ұсынған дерекке сәйкес, қазір жеті әскери қызметшіні іздеу жалғасып жатыр.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына Әскери-теңіз күштері мен Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылған. Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін Маңғыстау облысына Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия аттанды.

Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, олардың отбасыларына қажетті көмек пен қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

«Іздестіру жұмыстарының барысы мен әскери қызметшілердің жағдайы туралы қосымша ақпарат деректер түсуіне және расталуына қарай беріледі», — делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство оқиғаға қатысты тек Қорғаныс министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдар таратқан ресми ақпаратқа сүйенуге шақырды.

Айта кетейік, 24 қыркүйекте Каспий теңізінің қазақстандық секторында Әскери-теңіз күштерінің «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы өтіп жатқаны хабарланған. Оған Әскери-теңіз күштерінің кемелері мен катерлері, ҰҚК Шекара қызметінің кемелері және Әуе қорғанысы күштерінің авиациясы қатысқан.

Оқу үшін