Астана әкімдігі саябақтағы тірі гүлдерді лақтырып жібергені рас па

Фото: әлеуметтік желі, коллаж: Nofake.kz
Әлеуметтік желіде Астанадағы саябақтардың біріне Президент қатысатын іс-шара қарсаңында тірі гүлдер әкелініп, шара аяқталған соң олардың алынып тасталғаны туралы ақпарат тарады. Желі қолданушылары гүлдердің кейін лақтырылғанын жазды. Nofake.kz бұл ақпараттың рас-өтірігін тексерді.
Желі неге шулады?
Threads қолданушыларының бірі «Бұл гүлдерге қанша қаражат кетті? Президент келіп кеткеннен кейін оларды лақтырмай, не себепті біреуге сыйлауға немесе сақтап қалуға болмады?» деген жазба қалдырған.

Әкімдік жауабы қандай?
Мәселенің мән-жайын білу үшін, қала әкімдігіне хабарластық. Астана қаласының Сарайшық ауданы әкімдігі аталған жайтты растады. Алайда, «саябақтағы гүлдер лақтырылды» деген ақпарат расталмады.
«Елорданы көгалдандыру және оның көрікті келбетін қалыптастыру аясында мердігер ұйымдар көпжылдық гүлдерді пайдаланады. Жарияланымда көрсетілген гүлдер жерге отырғызылған жоқ, олар саябақтың белгілі бір аумақтарына кейіннен отырғызу мүмкіндігін қарастыру үшін тек таныстыру мақсатында (сынақ ретінде) әкелінген. Көзбен шолып тексергеннен кейін гүлдер жылыжайға қайтарылды», — делінген хабарламада.
Түйін
Осылайша, әлеуметтік желіде тараған гүлдердің президенттің сапарынан кейін лақтырылып тасталғаны туралы ақпарат расталмады. Әкімдік мәліметінше, гүлдер саябаққа тұрақты отырғызу үшін емес, сынақ ретінде әкелініп, тексеруден кейін қайтадан жылыжайға қайтарылған.


