Ұлттық банктің атын жамылады: Бас прокуратура алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертті

Gov.kz
ҚР Бас прокуратурасы азаматтарға алаяқтықтың кең таралған схемасы туралы ескерту жасады, деп хабарлайды Nofake.kz.
Ведомство мәліметінше, алаяқтар өздерін ҚР Ұлттық Банкінің қызметкерлері ретінде таныстырып, алаяқтардан қорғау сылтауымен азаматтардың ақшалай қаражатын иемденеді.
«Тек соңғы бір жарым айдың ішінде республика бойынша осындай 39 факт тіркелген. Мәселен, 2026 жылғы 17 қыркүйекте Ұлытау облысының Полиция департаменті Жезқазған қаласының тұрғынынан ақшалай қаражатты жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады», — делінген хабарламада.
Прокуратура аталған жағдайларда алаяқтар өздерін Ұлттық Банктің қызметкерлері ретінде таныстырып, ер адамға алаяқтар оның дербес деректерін иемденіп, шоттарындағы ақшалай қаражатын ұрлауға әрекет жасап жатқанын хабарлағанын айтады.
«Қаскөйлерге сенген ер адам олардың нұсқауы бойынша депозиттеріндегі барлық ақшаны шешіп, оларды «қауіпсіздендіру» мақсатында үшінші тұлғаларға аударған. Келтірілген залал 9 млн теңгені құрады», — делінген хабарламада.
Қазіргі таңда аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда. Осыған орай, Бас прокуратура азаматтарды қырағылық танытуға шақырады.
«Ұлттық Банктің және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері телефон арқылы алаяқтардан қорғау деген сылтаумен несие ресімдеуді, мүлікті сатуды немесе ақшалай қаражатты үшінші тұлғаларға аударуды талап етпейді», — делінген ведомство хабарламасында.
Сол себепті, бөгде адамдарға SMS-кодтарды, парольдерді, банк карталарының деректерін және сіздің ақшалай қаражатыңызға қол жеткізуге мүмкіндік беретін өзге де мәліметтерді хабарламауға кеңес беріледі.


