Сығанақ, Алматы, Ақмешіт көшелеріндегі кептеліс: Әкімдік себебін түсіндірді

Фото: pixabay.com
Астанада қыркүйек басталғалы Сығанақ көшесінде кептеліс байқалады. Сондай-ақ, бүгін таңертең қаланың сол жағалауындағы бірқатар көшеде кептеліс орын алды. Қалада кей көшелердің жабылғаны рас па? Nofake.kz мән-жайды анықтап көрді.
Сығанақ көшесіндегі кептеліс: желі неге шулады?
Әлеуметтік желіде де тұрғындар қала көшелеріндегі кептелістерге қатысты наразылықтарын білдірген.

«Сығанақ көшесінің Төле би көшесі тарапындағы тұсында үнемі кептеліс. Тіпті таңғы уақытта да сол. Осынша көлік мынадай шағын көшемен қайда бара жатыр?», — деп жазған желі қолданушыларының бірі.
Әкімдік не дейді?
Мәселенің мән-жайын білу үшін, Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына хабарластық. Ондағылар Төле би және Сығанақ көшелерінің қиылысында, қаланың көлік жүйесін одан әрі дамытуға бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатқанын растады. Ведомство хабарламасында Сығанақ көшесі – елорданың оң және сол жағалауын байланыстыратын, қала тұрғындары белсенді пайдаланатын негізгі көлік магистральдарының бірі. Осыған орай, құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне байланысты қозғалыс жекелеген учаскелерде жобаны іске асырудың қазіргі кезеңдерін ескере отырып ұйымдастырылған.
«Жол қозғалысын ұйымдастырудағы өзгерістер уақытша сипатқа ие және құрылыс жұмыстарын қауіпсіз әрі кезең-кезеңімен жүргізуге мүмкіндік береді. Жұмыстар қолданыстағы көлік жағдайын және көше-жол желісіндегі қозғалысты қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүргізілуде», — делінген хабарламада.
Басқарма құрылыс кезеңдері аяқталған сайын жол желісінің өткізу қабілетін қалпына келтіруге және одан әрі арттыруға жағдай жасалатынын мәлімдеді.
«Ұзақ мерзімді перспективада жобаны іске асыру көлік қолжетімділігін жақсартуға, жолаушылар тасымалының сапасын арттыруға және қаланың заманауи көлік инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді», — делінген хабарламада.
Сондай-ақ, басқарма LRT құрылысы – қолданыстағы көше-жол желісінде құрылыс жұмыстарын жүргізуді көздейтін ауқымды инфрақұрылымдық жоба екенін атап өтті.
«Жоба заманауи әрі тиімді көлік жүйесін қалыптастыруға, қала тұрғындарының мобильдігін арттыруға және елорда тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы қозғалыс жағдайларын жасауға бағытталған», — делінген хабарламада.
Ақмешіт, Алматы көшелерінің жабылғаны рас па?
Астана тұрғындары бүгін таңертең қаланың сол жағалауындағы кептеліс туралы да жаппай жаза бастады.

Олардың бірі «бүгін таңғы 7:20-дан бастап кептеліс пайда болғанын, көшеде көлік қозғалысы қиындағанын» жазған.
Әкімдік жауабы
Қалалық көлік басқармасынан аталған жайтты да сұрадық. Ведомство кептелістің себебін түсіндірді. Айтуларынша, «Мәңгілік Ел» даңғылынан Сауран көшесіне дейінгі Алматы көшесінің учаскесінде көлік тоннелін салу» жобасы аясында көлік қозғалысына кезең-кезеңімен шектеу қойылған.
«18 маусымнан бастап жыл соңына дейін Алматы көшесінің Ақмешіт көшесінен Түркістан көшесіне дейінгі учаскесі толық жабылды. 20 шілдеден бастап жыл соңына дейін Ақмешіт көшесінен Сауран көшесіне дейінгі учаскеде де көлік қозғалысы жабылды. 15 тамыздан бастап жыл соңына дейін Алматы көшесі «Мәңгілік Ел» даңғылынан Түркістан көшесіне дейінгі барлық учаскесінде толық жабық болады», — делінген ведомство хабарламасында.
Түйін
Анықтағанымыздай, Астананың аталған көшелеріндегі кептелістің себебі — жол қозғалысына енгізілген уақытша шектеулер. Сығанақ көшесінде қозғалыс Төле би көшесі маңындағы LRT құрылысына байланысты өзгерген. Ал Алматы көшесінің Ақмешіт, Түркістан және Сауран көшелері аралығындағы учаскелері көлік тоннелінің құрылысына байланысты жабылған. Әкімдік мәліметінше, Алматы көшесіндегі шектеулер жыл соңына дейін сақталады.


