Тіркеусіз тұрған адамдар қандай жауапкершілікке тартылады: Астана прокуратурасы ескертті

Фото: Gov.kz
Астанада тіркеусіз тұрған 41 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылған. Қалалық прокуратура осы ретте, азаматтарға ескерту жасады, деп хабарлайды Nofake.kz.
Ведомство мәліметінше, жыл басынан бері Астанада тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрғаны үшін 41 906 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«Олардың 533-і әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде құқық бұзушылықты қайталап жасаған. Шетелден Қазақстанға келген азаматтар елге кірген күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде тіркелуге міндетті», — делінген хабарламада.
Прокуратура тіркеусіз және жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұру әкімшілік құқық бұзушылық болып саналатынын ескертті.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабына сәйкес, бұл талаптарды бұзғандарға 20 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Осылайша, азаматтар тұрғылықты жері бойынша тіркеу талаптарын сақтауы қажет», — делінген хабарламада.
Прокуратура елорда тұрғындарын басқа азаматтардың тіркеусіз немесе құжаттарсыз тұруына жол бермеуге шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Бас прокуратурасы 100 млн теңге несие алып беруге уәде берген алаяқтық схеманы әшкерелеген еді.


