NoFake

«23 млн теңге шығын келтірген»: Астанада қаржы пирамидасының басшысы сотталды

Фото: pixabay.com

Астанада қаржы пирамидасын басқарған азамат 5 жылға сотталды. Ол жәбірленушілерге 23 млн теңге көлемінде залал келтірген, деп хабарлайды Nofake.kz.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «WorldBusiness Consulting» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған М.-ға қатысты сот үкімін шығарды. Ол қаржы пирамидасын құрып, оған басшылық жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің 217-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылды.

«Сот анықтағандай, 2020 жылдың тамыз-қыркүйек айларында М. алтыншы деңгейлі директор ретінде қаржы пирамидасына ақша қаражатын тартқан. Оның әрекетінен екі жәбірленушіге жалпы шамамен 23 млн теңге көлемінде залал келтірілген. Оның ішінде Б.-ға шамамен 8 млн, ал Р.-ға 15 млн теңге шығын келген», — делінген ведомство хабарламасында.

Сотталушы кінәсін ішінара мойындаса, қорғау тарапы оның әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамы жоқ екенін айтып, ақтауды сұраған. Алайда прокурор сотта М.-ның кінәсін дәлелдеген.

«Сот залалды ішінара өтеуді жеңілдететін мән-жайды ескеріп, ауырлататын мән-жайларды анықтамаған. Нәтижесінде М.-ға қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеу арқылы 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, ведомство оған азаматтардың ақша қаражаты мен инвестицияларын тартуға байланысты қызметпен айналысуға 5 жылға тыйым салынғанын хабарлады. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған ҚР Бас прокуратурасы 100 млн теңге несие алып беруді уәде еткен алаяқтық схемасын әшкерелеген еді.

Оқу үшін