Қазақстанда мерез инфекциясының өршігені рас па

Иллюстративное фото: Depositphotos
Әлеуметтік желіде Қазақстанда, оның ішінде оңтүстік өңірлерде мерез (ред.сифилис) инфекциясының өршігені туралы ақпарат тарады. Nofake.kz ақпараттың рас-өтірігін тексеріп көрді.
Желі неге дүрлікті?
Facebook желісінде желі қолданушысының бірі «Қазақстанда мерез эпидемиясы өршігенін, инфекция әсіресе оңтүстік өңірлерде дендеп тұрғанын» жазған.

Көрсеткіштердің артқаны рас па?
Nofake.kz мәселенің мән-жайын білу үшін, ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне хабарласты. Ведомство редакция тілшісін Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығына жолдады.
«2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанда мерезбен сырқаттанушылардың көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 4,5 жағдайды құрады. Бұл әр 100 мың тұрғынның шамамен 4–5-інде ауру тіркелгенін білдіреді», — делінген хабарламада.
Орталық мәліметінше, өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 4,3 жағдай болған. Осылайша, көрсеткіш 100 мың тұрғынға шаққанда 0,2 жағдайға, яғни 4,7%-ға өскен.
«Қай өңірде сырқаттанушылар көрсеткіштері артты деген сауалға келсек, ол жылдар мен өңірлерге қарай әр түрлі көрсеткіштерді көрсетуі мүмкін. Мысалы, кейбір аймақтарда төмендеу байқалса, енді бірінде аздап өсуі мүмкін. Дегенмен ел бойынша жалпы эпидемиологиялық жағдай тұрақты және белгіленген көрсеткіштер шегінде қалып отыр», — делінген хабарламада.
Ауруды қалай асқындырмауға болады және алдын алу жолдары қандай?
Орталық мерез — дер кезінде анықталып, дұрыс ем жүргізген жағдайда толық жазылатын инфекциялық ауру екенін атап өтті.
«Ем қабылдамаған жағдайда ауру ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Сондықтан медициналық көмекке уақытылы жүгіну маңызды. Жыныстық жолмен берілетін инфекцияларға тексеруден тұрақты өту ұсынылады. Әсіресе қорғалмаған жыныстық қатынастан кейін немесе жыныстық серіктес ауысқан жағдайда тексеруден өту қажет», — делінген хабарламада.
Орталық ауруды алдын алудың негізгі шараларына жауапты жыныстық мінез-құлық, мүшеқап пайдалану, кездейсоқ жыныстық қатынастар тәуекелін азайту және тұрақты түрде тексеруден өту екенін ескертті.
Түйін
Қазақстанда мерезбен сырқаттанушылық көрсеткіші бір жылда 4,3-тен 4,5 жағдайға дейін өскен. Дегенмен мамандар елдегі жалпы жағдайды тұрақты деп бағалап отыр. Мерез емделетін инфекция, ал оны ерте анықтау үшін тұрақты тексеруден өтіп, күдік болған жағдайда дәрігерге уақтылы қаралу қажет.


