NoFake

Үйді міндетті түрде сақтандыру керек пе: заң жобасында не айтылған?

Фото: Depositphotos

Елімізде тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру жүйесін енгізу ұсынылып отыр. Осыған байланысты желіде «қазақстандықтар енді үйін міндетті түрде сақтандырады» деген ақпарат тарады. Алайда қазіргі жағдай бұдан сәл өзгеше. NoFake.kz ұсынылып отырған заң жобасына үңіліп көрді.

Әзірге ешкім жаңа полис сатып алуға міндетті емес. Себебі бұл – әзірше ұсынылып отырған заң жобасы. Құжаттар әлі талқыланып жатыр, сондықтан олардың мазмұны қабылданғанға дейін өзгеруі мүмкін.

Бастама не үшін қажет?

Ұсынылып отырған жүйенің мақсаты – табиғи апат салдарынан тұрғын үйінен айырылған немесе баспанасы бүлінген азаматтарға қаржылай өтемақы беру. Жаңа тәртіп бойынша міндетті сақтандырудың негізгі үш қаупі көрсетілген. Олар: жер сілкінісі; су тасқыны ;табиғи сипаттағы орман өрті.

Бұл ретте сақтандыру бүкіл мүлікті қамтымайды. Мысалы, үйдегі жиһаз, тоңазытқыш, теледидар немесе басқа жеке заттар бүлінсе, олардың құны міндетті сақтандыру аясында автоматты түрде өтелмейді.

Кез келген үй сақтандырыла ма?

Жоқ. Жоба барлық жылжымайтын мүлікке ортақ талап енгізуді көздемейді. Міндетті сақтандыру жеке адамның меншігіндегі, тұрақты тұруға арналған және табиғи қауіп аймағында орналасқан тұрғын үйлерге қатысты болуы мүмкін. Қай аумақтағы қандай үйлер осы жүйеге кіретіні қосымша талаптармен нақтыланады. Сондықтан қазір «Қазақстандағы барлық пәтер міндетті түрде сақтандырылады» деп айтуға негіз жоқ.

Полис бағасы қанша болады?

Сақтандыру жарнасы барша азаматқа бірдей белгіленбейді деп жоспарланған. Оның мөлшері мүлік салығына және тұрғын үй орналасқан өңірдегі табиғи қауіп деңгейіне байланысты есептелмек.

Жоба бойынша жылдық төлем 0,5 АЕК-тен төмен емес және 5 АЕК-ке дейін болуы мүмкін.

Үй қираса, сақтандыру қорынан қанша ақша беріледі?

Бұл жерде көпшілік білуі тиіс маңызды жайт бар: міндетті сақтандыру тұрғын үйдің нарықтағы бағасын толық өтеуге арналмаған. Жобаға сәйкес, өтемақы сақтандыруға төленген жарна негізінде есептеледі. Тұрғын үй толығымен жойылса, төлем мөлшері жарнаның 500 есесіне дейін, ал үй тек зақымданса, 250 есесіне дейін жетуі мүмкін. Мәселен, жылдық жарна 20 мың теңге болса, толық қираған үй үшін есептік шекті төлем 10 млн теңгеге дейін, ал зақымданған жағдайда 5 млн теңгеге дейін болуы мүмкін. Сондықтан нарықтық құны 30 млн теңге болатын үй үшін дәл 30 млн теңге өтеледі дей алмаймыз.

Төлемді кім жасайды?

Заң жобасында осы мақсатта арнайы «Тұрғын үйді міндетті сақтандыру қорын» құру қарастырылған. Азаматтар төлейтін жарналар жүйенің қаржылық қорын қалыптастыруға жұмсалады. Табиғи апат орын алып, ол сақтандыру жағдайы ретінде ресми расталған кезде төлемді Қор жүргізеді. Сақтандыру компаниялары полистерді рәсімдеу процесіне қатыса алады, бірақ міндетті жүйенің негізгі операторы арнайы Қор болады деп жоспарланған.

Фото: ҚР ТЖМ

Залал қалай расталады?

Сақтандыру төлемін алу үшін үйдің зақымдануы туралы тұрғынның өтініші ғана жеткіліксіз. Оқиғаның сақтандыру жағдайына жататынын ресми түрде растау қажет. Жоба бойынша мұндай бағалауға жергілікті атқарушы орган құратын арнайы комиссия қатысады. Қажетті құжаттар тапсырылып, сақтандыру жағдайы расталғаннан кейін төлемді 5 жұмыс күні ішінде жасау ұсынылып отыр. Егер азамат Қордың шешімімен келіспесе, қаржы омбудсманына жүгіну мүмкіндігі қарастырылған.

Үйді сатқанда немесе кепілге қойғанда не болады?

Ілеспе заң жобасында міндетті сақтандыруды жылжымайтын мүлікпен жүргізілетін кейбір операциялармен байланыстыру ұсынылған. Атап айтқанда, тұрғын үйді сату, иеліктен шығару немесе кепілге қою кезінде сақтандыру шартының бар екенін растау талап етілуі мүмкін. Бұл ипотекалық тұрғын үй иелері үшін де маңызды өзгеріс болуы ықтимал.

Қазір не істеу керек?

Әзірге ешқандай әрекет жасаудың қажеті жоқ. Жаңа міндетті сақтандыру талабы әлі қолданыстағы заң емес. Оның нақты талаптары талқылау барысында өзгеруі ықтимал.

Сондықтан бүгінгі таңда «барлық қазақстандық үйін міндетті түрде сақтандыруға тиіс» деу дұрыс емес. Дәлірек айтқанда, ведомство тұрғын үйлерді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру тетігін енгізуді ұсынып отыр. Оның негізгі мақсаты – ірі табиғи апат кезінде азаматтарға белгіленген көлемде қаржылық өтемақы беру.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұл жүйені 2027–2030 жылдары енгізуді жоспарлап отыр. Агенттіктің құжатында міндетті сақтандыру табиғи апаттардан кейінгі шығындарды өтеу жүйесін жетілдіруге және төтенше жағдайлар кезінде мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік беретіні көрсетілген.«Қазақстан Республикасының кейбір заңдарына сақтандыру нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қоғамдық талқылау мерзімі 2026 жылғы 7 қазанға дейін жалғасады.

Оқу үшін