NoFake

Маркетплейстердегі жалған пікірді қалай тануға болады?

Фото: Depositphotos

Онлайн дүкендерден тауар аларда тек бес жұлдызды пікірлерге сеніп, шешім қабылдауға бола ма? NoFake.kz онлайн зат сатып аларда тауарға қатысты жалған пікірлерді қалай ажыратуға болатынын түсіндіреді.

Интернет арқылы сауда жасағанда тұтынушылар көбіне сол тауарды бұрын алған адамдардың жазған пікіріне сүйенеді. Алайда ондағы барлық пікір шынайы болмауы мүмкін. Әсіресе арзан электроника, сағат, зергерлік бұйымдар, жеке күтім өнімдері, тағамдық қоспалар және асүй тауарларында күмәнді пікірлер жиі кездеседі.

Мысалы, белгісіз брендтің құлаққабы немесе смартфон қуаттағышы жүздеген бес жұлдызды пікір жинап, олардың барлығы дерлік өнімді бірдей сөздермен мақтаса, абай болған жөн.

Жалған пікірді қалай байқауға болады?

Біріншіден, пікірлердің жарияланған күніне қарау керек. Бір күннің ішінде немесе қысқа уақыт аралығында өте көп жағымды пікір пайда болса, бұл назараударарлық жайт. Екіншіден, мәтіндердің бір-біріне ұқсастығына мән берген абзал. Мысалы, әр пікірде бірдей тіркестер қайталанып, өнім туралы нақты ақпарат айтылмаса, олардың шынайылығын тексерген дұрыс.

Үшіншіден, пікірді тауарды нақты сатып алғаны тіркелген тұтынушы жазып отырғанына мән беріңіз. Маркетплейстерде тауарға пікір қалдыру үшін оны міндетті түрде сол платформадан сатып алу талап етілмейді. Сондықтан, тауарды дәл осы сайттан сатып алғанын растайтын белгісі жоқ пікірлерге сақтықпен қараған жөн.

Жалған пікір жазу қазір жеке бизнеске айналған. Кейбір сатушылар арнайы делдалдарға ақша төлеп, тауарға ойдан шығарылған пікірлер жаздыруы мүмкін. Олар мәтінмен ғана шектелмей, жалған фотосуреттер мен жеке тәжірибе сипаттамаларын да қолданады.

Сатып алуға асықсаңыз, пікірлерді талдайтын арнайы сервистерді пайдалануға болады.Сонымен қатар, тауардың өзін ғана емес, сатушыны да тексеру маңызды. Компания атауын интернеттен іздеп, басқа платформалардағы пікірлерді де қарау керек. Өнімді басқа дүкендерде қалай бағалағанын салыстырған жөн.

Онлайн сатып алу кезінде ең бастысы — бір ғана бес жұлдызды пікірге сүйеніп, шешім қабылдамау. Бірнеше дереккөздегі пікірлерді салыстырып, нақты сипаттамаларға, сатып алушылардың тәжірибесіне және сатушының беделіне назар аударған дұрыс. Айта кетейік, бұған дейін біз алаяқтар танымал онлайн сауда алаңдарында ЖИ көмегімен қалай алдайтыны жайлы жаздық.

Оқу үшін