NoFake

Ақмола тұрғыны алаяқтарға 10 млн теңгеден астам ақша беріп қойған

20251114154358299 big

Фото: ІІМ баспасөз қызметі

Көкшетау тұрғыны өзін күштік құрылым қызметкерлері ретінде таныстырған алаяқтардың сөзіне сеніп, 10 миллион теңгеден астам ақшасын курьерге беріп қойған. Алайда полиция күдіктіні Астанада ұстап, қаражатты тәркілеген, деп хабарлайды Nofake.kz.

Ақмола облысының Полиция департаментінің мәліметінше, 11 қыркүйекте Көкшетау қаласының полиция басқармасына интернет-алаяқтыққа қатысты арыз түскен.

«59 жастағы әйелге белгісіз адамдар хабарласып, өздерін күштік құрылымдардың қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар түрлі сылтаумен әйелді ірі көлемде ақша беруге көндірген. Алаяқтардың нұсқауын орындаған әйел 10 миллион теңгеден астам қаражат жинап, оны келген курьерге тапсырған. Ер адам ақшаны алып кеткеннен кейін ғана әйел алаяқтардың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген», — делінген хабарламада.

Полицейлер курьердің Астанада тұратынын анықтап, оны іздеуге кіріскен. Төрт сағаттан астам уақытқа созылған іздестіру жұмыстарының нәтижесінде күдікті ұсталды.

«Оның жанынан жәбірленушіге тиесілі ақша табылып, тәркіленген. Полицияның мәліметінше, ұсталған адам қаражаттың барлығын алаяқтарға аударып үлгермеген. Ер адам Көкшетауға келіп, ішінде ақша бар пакетті алып кету туралы телефон арқылы нұсқау алғанын түсіндірген», — делінген хабарламада.

Қазір тергеу және жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Полиция ұсталған адамның басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Ақмола облысының Полиция департаменті мемлекеттік органдар мен күштік құрылым қызметкерлері азаматтардан ақшаны «сақтау», «тексеру» немесе басқа мақсатпен беруді не аударуды талап етпейтінін еске салады.

Оқу үшін