Криптоға ақша салмас бұрын платформаны қалай тексеруге болады?

Фото: Depositphotos
Шетелдік криптобиржаға сеніп, ақшаңызды тәуекелге тікпес бұрын оның заңдылығын қалай тексеруге болады? Қазақстанда лицензиясыз жұмыс істеп тұрған платформаларға қандай шектеу қойылады және оларды кім бұғаттайды? Бұл сұрақтарға АХҚО өкілі Еркеғали Еденбаев жауап беріп, инвесторларды алаяқтардан қорғайтын негізгі қадамды атады, деп хабарлайды NoFake.kz.
АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің Лицензиялау және қаржы технологиялары кеңсесінің басқарушы директоры Еркеғали Еденбаев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте NoFake.kz редакциясының сұрағына жауап беріп, азаматтар цифрлық активтер нарығындағы қызмет көрсетушілер туралы ақпаратты АХҚО-ның ресми сайтындағы ашық тізілімнен қарай алатынын айтты. Реестр тұрақты түрде жаңартылып отырады.
«Егер сізге цифрлық активтерге қатысты қандай да бір қаржылық қызмет ұсынылса, ең алдымен провайдерді ашық реестр арқылы тексеріңіз. Бұл реестр үнемі жаңартылып отырады және АХҚО-ның ресми сайтында орналастырылған. Сондықтан цифрлық активтер бойынша қызмет көрсетушінің лицензиясын міндетті түрде тексеру қажет», — деді Еркеғали Еденбаев.
Басқарушы директоры Қазақстанда өкілдігі жоқ және цифрлық активтерге қатысты қызмет көрсетуге лицензия алмаған платформалардың жұмысына да шаралар қабылданып жатқанын жеткізді. Бұл бағытта мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс жүргізілуде.
«Біз мемлекеттік органдармен бірге Қазақстанда өкілдігі жоқ, яғни цифрлық активтер бойынша қызмет көрсетуге лицензиясы жоқ провайдерлерді, соның ішінде криптобиржаларды бұғаттау бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз», — деді ол.
Сонымен қатар, лицензиясыз платформалардың мобильді қосымшаларын Google Play, App Store секілді дүкендерден бұғаттау мәселесі де қарастырылуда. Еденбаевтың айтуынша, АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті Қазақстанда өз қызметін белсенді жарнамалаған кейбір шетелдік платформаларға қатысты сотқа да жүгінген.
«Комитет Қазақстанда өз қызметтерін белсенді жарнамалайтын кейбір шетелдік платформаларға қатысты АХҚО сотына талап-арыз берді. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Сот шешімі шыққан соң ресми түрде жарияланады», — деп атап өтті Еденбаев.
Цифрлық активтерге инвестиция салмас бұрын платформаның атауына немесе әлеуметтік желідегі жарнамасына ғана сенбей, оның АХҚО реестрінде бар-жоғын тексеру — алаяқтық жобалардан қорғанудың ең басты қадамдарының бірі.


