Алаяқтар жеке деректерді ұрлағанда оған ақша жұмсай ма және ол қанша тұрады

Бүгінде жеке деректерді қорғау мәселесі өзекті болып тұр. Осы ретте, алаяқтар азаматтардың дербес деректерін алғанда, оған ақша жұмсай ма деген заңды сұрақ туындайды. Киберқауіпсіздік маманы Дәурен Салипов схеманың қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
Баға жазбалар санына байланысты бола ма?
Киберқылмыскерлер үшін базаның көлемінен гөрі ондағы ақпараттың қандай мүмкіндік беретіні маңызды. Киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы Дәурен Салиповтың айтуынша, «қара» нарықта жеке деректердің нақты белгіленген бағасы жоқ.
«Қара нарықта азаматтың деректер жазбасының белгіленген бағасы жоқ. Деректердің бағасын оларды ақшаға айналдыру мүмкіндігімен өлшеген дұрыс. Киберқылмыскерлер шабуыл жасауға, одан табатын пайдадан артық қаражат жұмсамайды», — деді ол.
Сондықтан аты-жөні мен телефон нөмірлері көрсетілген үлкен база банк аккаунтына қол жеткізуге мүмкіндік беретін шағын деректер жиынтығынан әлдеқайда арзан болуы мүмкін.
Қандай деректер қымбат тұрады
Сарапшы ақпараттың құны оның түріне және оны қалай пайдалануға болатынына қарай өзгеретінін жеткізді.
«Медициналық деректердің орташа бағасы шамамен 35 доллар болуы мүмкін. Ал жәбірленушінің банк қосымшасына бірден авторизациялануға мүмкіндік беретін деректер шамамен 350 доллар тұрады», — дейді ол.
Қылмыскерлер үшін адамның ақшасына тікелей қол жеткізуге мүмкіндік беретін мәліметтер аса құнды.
«Ең қымбат саналатыны — бұл банк шоттарына қол жеткізуге мүмкіндік беретін деректер. Ол — ең құнды санаттардың бірі. Өйткені қаскүнем қол жеткізгеннен кейін ақшаны шығаруға әрекет жасау үшін қосымша қадамдарға бармайды», — деп атап өтті сарапшы.
Cарапшы, сондай-ақ аты-жөні мен телефон нөмірі салыстырмалы түрде ең арзан деректерге жататынын атап өтті.
«Деге се де мұндай мәліметтер алаяқтық схемаларда қолданылуы мүмкін», — дейді маман.
Неліктен бір база түрлі бағада сатылуы мүмкін?
Ақпараттың құны оның мазмұнына, өзектілігіне және оны пайдалану мүмкіндігіне қарай өзгереді. Бір деректер жиынтығы қаржылық алаяқтар, зерттеу ұйымдары немесе басқа да сатып алушылар үшін әртүрлі деңгейде қызығушылық тудыруы мүмкін.
«Бір ақпарат жиынтығы үшін биткоин, биткоиннің жартысы немесе 10 мың доллар сұрауы мүмкін. Бірақ кез келген жағдайда киберқылмыскер немесе қылмыстық топ ең алдымен осы деректерден қанша пайда табуға болатынын бағалайды», — деп атап өтті Салипов.
Сарапшы осыған байланысты, «нарықтағы негізгі мәселе бір жазбаның қанша тұратынында емес, оның көмегімен қанша пайда табуға болатынында» дейді.


