Ұшақта қандай сөздерді айтуға болмайды — Көлік министрлігі түсіндірді

Фото: depositphotos
Ұшақта немесе әуежайда абайсызда айтылған бір ауыз сөздің өзі рейстің бірнеше сағатқа кешігуіне, жолаушының ұшақтан түсірілуіне, тіпті жауапкершілікке тартылуына себеп болуы мүмкін. Көлік министрлігі авиацияда қандай сөздер қауіп ретінде қабылданатынын түсіндірді.
Министрлік мәліметінше, ұшақта және әуежайда себепсіз «бомба», «жарылғыш зат», «қару», «тапанша», «террорист», «терроризм актісі», «әуе кемесін басып алу» деген сөздерді айтуға болмайды. Сондай-ақ жолаушыларға немесе экипажға зиян келтіру, багажда немесе қол жүгінде қауіпті зат бар екенін айтып әзілдеу де қауіп туралы мәлімдеме ретінде қабылдануы мүмкін.
«Мұның “әзіл ретінде” немесе шын ниетпен айтылғаны маңызды емес. Егер айтылған сөз ықтимал қауіптің бар екенін көрсетсе, авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері оған тиісті деңгейде ден қоюға міндетті», — деп түсіндірді Көлік министрлігі.
Мұндай жағдайда қауіпсіздік рәсімдері бірден іске қосылады. Әуе кемесі мен багаж қайта тексеріліп, арнайы қызметтер тартылады. Қажет болған жағдайда жолаушылар эвакуацияланып, әуежайдың кейбір аумақтарына кіру шектелуі мүмкін.
Бұған Алматы – Ақтау рейсінде болған жағдай мысал. Жолаушылардың бірі «бомба» деген сөз айтқаннан кейін авиациялық қауіпсіздік қызметі мен көліктік полиция араласып, ер адам рейстен түсірілген. Соның салдарынан ұшақ екі сағатқа жуық кешіккен.
Еске салайық, Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабар бергені үшін Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Жаза айыппұлдан бастап түзеу жұмыстарына немесе бас бостандығын шектеуге дейін баруы мүмкін. Сондықтан ұшақта да, әуежайда да қауіпсіздікке қатысты сөздерді қалжыңға айналдырмаған жөн. Бір ауыз сөз тек өз рейсіңізге емес, жүздеген жолаушының сапарына әсер етуі мүмкін.


