Қазақстанда мәйітті ашпай-ақ өлім себебін анықтауға бола ма

Фото: NoFake.kz
Қазақстанда өлім себебін мәйітті дәстүрлі әдіспен ашпай-ақ анықтауға мүмкіндік беретін виртуалды аутопсия әдісі енгізіліп жатыр, деп хабарлайды NoFake.kz.
Пилоттық жоба Атырау облысында сынақтан өткен. Әділет министрлігі Сот сараптамалары институтының Шымкент қаласы бойынша директорының орынбасары Ұлықбек Әріпханов жаңа әдіс қандай жағдайда қолданылатынын түсіндірді. Виртуалды аутопсия кезінде мәйітке инвазивті, яғни денені ашу арқылы зерттеу жүргізілмейді. Оның орнына компьютерлік томография көмегімен дене зерттеліп, сарапшы алынған кескіндерді талдайды.
Ұлықбек Әріпхановтың айтуынша, бұл әдіс Қазақстанда алғаш рет Атырау облысында пилоттық режимде сыналған.
«Өткен жылы Атырау облысында пилоттық жобаны өткізіп, мәйіттерді инвазивті ашусыз зерттеуді бастадық. Бұл әдіс виртуалды аутопсия деп аталады. Қазір ірі қалаларда тиісті жабдықтар орнатылып жатыр. Егер зорлық-зомбылық белгілері болмаса және өлімнің криминалдық сипатына күдік туындамаса, мәйіт виртуалды зерттеу қорытындысы негізінде туыстарына берілуі мүмкін», — деді Ұлықбек Әріпханов.
Виртуалды аутопсия қалай жүргізіледі?
Сарапшы алдымен іс материалдарымен және қайтыс болған адам туралы мәліметтермен танысады. Одан кейін мәйіт компьютерлік томографиядан өткізіледі. Алынған кескіндер ішкі ағзалардағы өзгерістерді, жарақаттарды және өлім себебін анықтауға көмектеседі.
Егер зерттеу барысында өлімнің зорлық-зомбылықтан болғанын көрсететін белгілер немесе қылмыстық жағдайға күдік анықталмаса, сарапшы қорытындыны виртуалды зерттеу нәтижесі бойынша бере алады. Ал күмәнді белгілер анықталған жағдайда дәстүрлі сот-медициналық зерттеу жүргізу қажеттігі туындайды.
«Компьютерлік томографиядан кейін өлімнің криминалдық сипатына күдік болмаса, сарапшы зерттеу нәтижесі негізінде қорытынды бере алады. Бұл зерттеу уақытын едәуір қысқартады», — деді маман.
Әдіс барлық өңірде бірден енгізіле ме?
Әділет министрлігі виртуалды аутопсияға қажетті компьютерлік томографтарды сатып алған. Қазір жабдықтарды ірі қалаларда орнату жұмыстары жүріп жатыр.
Алайда жаңа жүйе барлық өңірде бір мезетте іске қосылмайды. Ұлықбек Әріпхановтың айтуынша, компьютерлік томографтар қымбат болғандықтан, сот-медициналық сараптама мекемелері қажетті техникамен кезең-кезеңімен жабдықталады. Қазақстан виртуалды аутопсиямен қатар сот радиологиясы бағытын да дамытуды жоспарлап отыр. Бұл сала медициналық бейнелеу технологияларын сот сараптамасында қолдануға негізделген.
Маманның сөзінше, виртуалды аутопсия тәжірибесі бірқатар елде қолданылып келеді және Қазақстанда да бұл әдісті дамыту сот-медициналық зерттеулерді жеделдетуге мүмкіндік береді.


