NoFake

Фейктер көбейген заманда фактчекерлердің рөлі қандай

Фото: NoFake.kz

Cyber Step – 2026 киберқауіпсіздік форумында NoFake.kz практикалық сессияға қатысып, қазіргі ақпараттық кеңістікте фейктің таралу жылдамдығы және фактчекерлер жұмысының маңызы туралы айтты.

NoFake.kz жобасының өкілі, халықаралық фактчекинг қауымдастығының (Global Fact-Checking Network, GFCN) сарапшысы Илья Рыбин «Эпицентрдегі пиаршы: киберинцидент кезіндегі коммуникациялар» практикалық сессиясында сөз сөйледі. Сессия ақпараттық қауіпсіздік және IT-компаниялардың PR-мамандарына арналды.

Маманның айтуынша, қазір жалған ақпаратты әлеуметтік желіге таратуға бірнеше секунд жеткілікті. Ал оның рас-өтірігін анықтап, деректерді тексеруге әлдеқайда көп уақыт қажет.

«Егер, мысалы, анонимді Telegram-арна қандай да бір компаниядан миллиондаған адамның деректері тарап кетті деп жазса, оны жоққа шығару үшін уақыт қажет. Ал Telegram үшін екі сағат – тұтас бір өмір», – деді ол.

Осы аралықта жалған ақпарат басқа арналарға тарап, адамдардың санасында орнығып үлгеруі мүмкін. Сондықтан фактчекерлер үшін ақпаратты мүмкіндігінше жедел тексеріп, оның қайдан шыққанын және қаншалықты шынайы екенін анықтау маңызды.

Фейктердің көбеюі фактчекерлердің қоғамдағы рөлін де күшейтіп отыр. Олардың жұмысы жалған ақпаратты жоққа шығарумен ғана шектелмейді. Фактчекерлер ақпараттың қалай тексерілетінін көрсетіп, адамдардың медиасауаты мен сыни ойлауын дамытуға көмектеседі.

«Біз адамдардың медиасауатын арттырып, сыни ойлауын дамытуға тырысамыз. Ақпарат бұрмаланып тараса, оны жай ғана жоққа шығармаймыз, оны қалай тексеруге болатынын да түсіндіреміз», – деді Илья Рыбин.

Айта кетейік, NoFake.kz – Cyber Step – 2026 киберқауіпсіздік форумының ақпараттық серіктесі.

Оқу үшін