«Қаланы түтін басты»: Қарағандыдағы жағдайға ТЖД түсініктеме берді

Скрин видеодан
Қарағанды тұрғындары қаланы қою түтін басқанын айтып, әлеуметтік желіде видео жариялап жатыр. Төтенше жағдайлар департаменті Әлихан Бөкейхан ауданында құрғақ шөп пен бұталар өртеніп жатқанын хабарлады.
Желіде тараған видеоларда қаланың бір бөлігін түтін басқаны көрінеді. Жергілікті тұрғындар «түтіннен демалу қиындағанын» айтып шағымдануда. Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті қала аумағында өрт шыққанын растады.
«Қарағанды қаласының Әлихан Бөкейхан ауданында, «Восток» шағынауданының Сахалин учаскесінде бұталар мен құрғақ шөп өртеніп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт аумағы — 7 гектар. Өртті сөндіруге ТЖД-ның 29 қызметкері мен 6 техникасы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың 6 қызметкері мен 2 техникасы жұмылдырылды», — деп хабарлады ведомство.
Қазір өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өрттің шығу себебі әзірге хабарланған жоқ.


