«Нөлдік сенім» және эмоцияны бақылау: алаяқтардың тұзағына қалай түспеуге болады

Фото: pixabay.com
Астанада өткен Cyber Steppe конференциясында киберқауіпсіздік маманы Гүлдана Жұматай интернеттегі ақпаратқа «нөлдік сеніммен» қарау, эмоцияны бақылау және кибергигиена дағдыларын қалыптастыру алаяқтардан қорғануға қалай көмектесетінін түсіндірді, деп хабарлайды Nofake.kz.
Жасанды интеллект дамыған сайын шынайы ақпарат пен фейкті ажырату қиындап келеді. Сондықтан маман интернеттен көрген немесе оқыған дүниені бірден шындық деп қабылдамауға кеңес береді. Киберқауіпсіздіктегі мұндай тәсіл «Zero Trust», яғни «нөлдік сенім» қағидатына негізделеді.
«Қазір ЖИ дамып жатыр, көптеген фейк ақпарат тарайды. Адамдар ақпаратты оқығаннан кейін оған сенуге бейім келеді. Сондықтан көрген ақпаратқа бірден сенбей, оған «нөлдік сеніммен» қарау дағдысын жетілдіруіміз керек», — деді Гүлдана Жұматай.
Алаяқтар неге эмоцияға әсер етеді?
Сарапшының айтуынша, алаяқтар адамнан қажетті ақпаратты алу үшін көбіне қорқыныш, үрей немесе асығыстық сезімін тудыруға тырысады. Мұндай сәтте адамның ақпаратты байыппен бағалау қабілеті төмендеуі мүмкін.
Сондықтан күмәнді хабарлама немесе қоңырау алған кезде алдымен өз эмоцияңа назар аударған жөн. Егер ақпарат бірден үрей, қатты қуаныш немесе асығыс әрекет ету қажеттігін тудырса, бұл манипуляцияның белгісі болуы мүмкін.
«Алаяқтар алдымен сізге эмоционалды тұрғыда әсер етуге тырысады. Қысым жасап, өзіне керек ақпаратты алады. Оған түспеу үшін эмоционалды интеллектіні дамыту керек. Егер ақпаратты оқығаннан кейін адамда қатты қуаныш немесе үрей пайда болса, сізге манипуляция жасалып жатуы мүмкін», — деп түсіндірді ол.
Кибергигиена күнделікті әдетке айналуы керек
Алаяқтықтан қорғанудың тағы бір жолы — кибергигиена. Бұл тек күрделі техникалық қауіпсіздік шаралары емес. Оған сенімді құпия сөз қолдану, жеке ақпаратты желіде жарияламау, күмәнді сілтемелерді ашпау және ақпараттың дереккөзін тексеру сияқты қарапайым әрекеттер кіреді.
Гүлдана Жұматайдың айтуынша, мұндай әрекеттерді анда-санда емес, күнделікті дағдыға айналдыру маңызды. Сондай-ақ технологиядағы өзгерістер мен алаяқтардың жаңа тәсілдерінен хабардар болып отыру қажет.
«Кибергигиена бір күнде қалыптасатын дағды емес, ол күнделікті әрекетке айналуы тиіс. Мысалы, құпия сөзді дұрыс қою, белгілі бір ақпаратты желіге салмау. Сонымен қатар әр ақпаратты саралап, технологиялармен үнемі бір толқында болу керек», — деді маман.
Фишингті қауіпсіз ортада танып үйренуге болады
Конференцияда фишинг симуляциясына арналған жаттықтыру ортасы туралы да айтылды. Оның көмегімен қолданушы күмәнді сілтемелер мен алаяқтық схемаларды қауіпсіз ортада сынап көріп, қате әрекеттің қандай салдарға әкелетінін түсіне алады.
Сарапшы мұндай жаттығулар адамның алаяқтық схемаларды ертерек тануына және кибермәдениетін қалыптастыруға көмектесетінін атап өтті.
Түйін
Интернеттегі қауіпсіздік тек күрделі технологияларға байланысты емес. Ақпаратты бірден қабылдамай тексеру, эмоцияның ықпалымен шешім қабылдамау және қарапайым кибергигиена ережелерін күнделікті әдетке айналдыру — алаяқтық пен фейктен қорғанудың негізгі тәсілдерінің бірі.


