NoFake

Үш оқылымнан Президент қол қойғанға дейін: Құрылтайда заңдар енді қалай қабылданады

Фото: @quryltairesmi

Енді Құрылтайға түскен заң жобасы үш оқылымнан өтеді. Бірінші оқылымда депутаттар құжаттың негізгі мақсаты мен ережелерін талқылайды. Екінші оқылымда ұсынылған түзетулер қаралады. Ал үшінші оқылымда заң жобасының соңғы нұсқасы пысықталып, дауысқа салынады.

Депутаттар жаңа бір палаталы Парламент — Құрылтайдың жұмыс тәртібін белгілейтін Регламентті қабылдады. Онда отырыстарды өткізу, депутаттардың жұмысын ұйымдастыру және заң жобаларын қарау тәртібі жазылған. Жаңа тәртіп бойынша заң жобалары үш оқылымнан өтеді. NoFake.kz Регламентті қарап, заң жобасы Құрылтайға түскеннен бастап Президенттің қол қоюына жіберілгенге дейін қандай кезеңдерден өтетінін түсіндіреді.

Заң жобасы Құрылтайға қалай түседі?

Заң жобасын ұсыну құқығы Қазақстан Президентіне, Құрылтай депутаттарына, Үкіметке және Қазақстан Халық Кеңесіне берілген. Бастамашы заң жобасының қазақ және орыс тілдеріндегі мәтінін қажетті құжаттарымен бірге Құрылтайға ресми түрде ұсынады. Алдымен құжаттарды Құрылтай Аппараты тексереді. Барлық талап сақталса, заң жобасы бес жұмыс күні ішінде тіркеліп, Құрылтай Төрағасына беріледі. Ал құжаттар толық болмаса немесе талапқа сай келмесе, жоба тіркелмейді. Ол кемшіліктерді түзету үшін бастамашыға қайтарылады.

Дауыс беруге дейін заң жобасын кім қарайды?

Тіркелген заң жобасын Құрылтай Төрағасы осы бағытқа жауапты орынбасарына және тиісті комитетке жібереді. Одан кейін Құрылтай Бюросы заң жобасына жауапты негізгі комитетті белгілейді. Осы комитет жоба бойынша қорытынды дайындап, оны келесі оқылымдарға әзірлейді.

Қажет болса, комитет арнайы жұмыс тобын құрады. Оған заң жобасын ұсынған тарап, депутаттар, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері, қоғамдық бірлестіктер, бизнес өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатыса алады. Жоба дайын болғанда комитет оны Құрылтай Бюросына ұсынады. Бюро заң жобасын отырыстың күн тәртібіне енгізеді.

Заң жобасы неше оқылымнан өтеді?

Жалпы тәртіп бойынша заң жобалары үш оқылымнан өтеді. Бірақ халықаралық шарттарды ратификациялау немесе олардың күшін жою туралы жобалар екі оқылымда қаралады. Мұндай жағдайда екінші оқылым соңғысы болады.

Бірінші оқылымда не шешіледі?

Бірінші оқылымда депутаттар заң жобасының мақсатын, міндетін және негізгі ережелерін талқылайды. Сонымен бірге ұсынылып отырған өзгерістердің мемлекеттік саясатқа қаншалықты сәйкес келетіні және заң қабылданса, оның экономикаға, қоғамға, құқықтық жүйеге, экологияға және басқа салаларға қалай әсер етуі мүмкін екені қаралады. Алдымен заң жобасын ұсынған тарап немесе оның өкілі баяндама жасайды. Депутаттар оған сұрақ қоя алады. Одан кейін жауапты комитеттің қорытындысы тыңдалып, жарыссөз басталады. Бірінші оқылымның соңында үш шешімнің бірі қабылданады: заң жобасын мақұлдау, қайта пысықтауға жіберу немесе қабылдамау.

Түзетулер қашан енгізіледі?

Негізгі түзетулер бірінші оқылымнан кейін енгізіледі. Комитеттер, депутаттар, саяси партиялардың фракциялары және Құрылтай Аппаратының тиісті бөлімдері ұсынған өзгерістер бір кестеге жинақталады. Онда қандай нормаға қандай өзгеріс ұсынылғаны көрсетіледі. Депутаттар мен партия фракциялары өз ұсыныстарын жұмыс тобына немесе жауапты комитетке жазбаша түрде береді. Түзетулер заң жобасы екінші оқылымға шығарылғанға дейін кемінде он күнтізбелік күн бұрын ұсынылуы керек. Егер ұсынылған өзгеріс мемлекеттік кірісті азайтатын немесе бюджет шығынын көбейтетін болса, оны қарау үшін Үкіметтің оң қорытындысы қажет.

Екінші оқылымда не қаралады?

Екінші оқылымның негізгі мәселесі — заң жобасына енгізілетін түзетулер. Депутаттар жазбаша ұсынылып, жауапты комитеттің кестесіне енгізілген өзгерістерді қарайды. Баяндамадан кейін сұрақ қоюға болады, бірақ бұл кезеңде, әдетте, жарыссөз өткізілмейді. Нәтижесінде Құрылтай заң жобасын мақұлдап, үшінші оқылым өтетін уақытты белгілейді, құжатты қайта пысықтауға жібереді немесе қабылдамайды. Үшінші оқылым, әдетте, екінші оқылымнан кейін 15 жұмыс күні ішінде өткізіледі. Құрылтай сессиялары арасындағы үзіліс бұл мерзімге кірмейді.

Үшінші оқылымда нені өзгертуге болады?

Екінші оқылымнан кейін жұмыс тобы заң жобасының соңғы нұсқасын дайындайды.

Бұл кезеңде құжаттың мазмұнын түбегейлі өзгертетін жаңа ұсыныстар енгізілмейді. Тек жобаны Конституция мен қолданыстағы заңдарға сәйкестендіруге, құқықтық олқылықтар мен бір-біріне қайшы нормаларды түзетуге, редакциялық қателерді жоюға және қазақша мен орысша мәтіндердің мағынасын сәйкестендіруге қажетті өзгерістер ғана қаралады.

Яғни екінші оқылымда келісілген нормалардың мәнін үшінші оқылымда қайта өзгертуге болмайды.

Бұл жолы депутаттар баяндамашыға сұрақ қоймайды, жарыссөз де өткізілмейді.

Үшінші оқылымның қорытындысында Құрылтай заңды қабылдайды, жобаны қайта пысықтауға жібереді немесе қабылдамайды.

Заң қабылдануы үшін қанша депутат қолдауы керек?

Кәдімгі заңды қабылдау үшін Құрылтайдағы барлық депутаттың жартысынан көбі дауыс беруі керек. Құрылтайда 145 депутат бар. Демек заң қабылдануы үшін кемінде 73 депутаттың даусы қажет.

Конституциялық заңдарға талап жоғары: оған депутаттардың кемінде үштен екісі, яғни 97 депутат дауыс беруі керек. Құрылтай заң жобасын осы кезеңдердің кез келгенінде қабылдамай тастай алады. Ондай жағдайда жоба қабылданбаған болып есептеліп, оны ұсынған тарапқа қайтарылады.

Құрылтай қабылдаған заң әрі қарай қайда барады?

Қабылданған заңға алдымен Құрылтай Төрағасы мен Премьер-Министр қол қояды.

Одан кейін құжат он күн ішінде Президентке жіберіледі. Президентке шешім қабылдау үшін бір ай уақыт беріледі. Мемлекет басшысы заңға қол қойып, оны жариялай алады немесе құжатты толықтай не оның жекелеген баптарын қайта қарау үшін Құрылтайға қайтара алады.

Президент заңды қайтарса не болады?

Президент заңның өзімен немесе оның жекелеген баптарымен келіспесе, оларды өз ұсыныстарымен бірге Құрылтайға қайтарады. Құжат бұған дейін осы заң жобасына жауапты болған комитетке түседі. Комитет Президенттің ұсыныстарын қарап, 15 күнтізбелік күн ішінде қорытынды дайындауы керек.

Одан кейін заң Құрылтайда қайта қаралады.

Құрылтай Президенттің ұсынысымен келіспесе ше?

Заңды немесе оның жекелеген баптарын қайта талқылап, дауысқа салуға бір ай уақыт беріледі.

Құрылтай Президент ұсынған өзгерістермен келіспей, заңның бұрынғы нұсқасын сақтап қалғысы келсе, оған депутаттардың кемінде үштен екісі дауыс беруі керек. Ал конституциялық заң бойынша депутаттардың кемінде төрттен үшінің қолдауы қажет. Қажетті дауыс жиналса, Құрылтай заңның бұрын қабылдаған нұсқасын сақтап қалады. Мұндай жағдайда Президент оған бір ай ішінде қол қояды. Ал қажетті дауыс жиналмаса, заң қабылданбаған болып есептеледі немесе Президент ұсынған нұсқада қабылданады.

Оқу үшін