Ұлттық құрама формасы сатылымға шықты ма: министрлік түсініктеме берді

Фото: t.me/DRSQazaqstan
Интернет-платформаларда Қазақстан ұлттық құрамасының ресми формасы ретінде ұсынылған спорттық киімдер сатыла бастаған. Туризм және спорт министрлігі бұл өнімдердің ұлттық құраманың ресми экипировкасына қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Балым Адамиденованың айтуынша, былтыр министрлік алғаш рет ұлттық құрама спортшыларын Under Armour брендінің бірыңғай жазғы және қысқы экипировка жиынтықтарымен қамтамасыз еткен.
Бұл киімдер арнайы ұлттық құрама мүшелеріне арналған. Мемлекеттік рәміздер бейнеленген әрбір жиынтық спортшыға жеке беріледі және еркін сатылымға шығарылмайды.
Желіде сатылып жатқан форма түпнұсқа ма?
Қазір түрлі интернет-платформаларда ұлттық құраманың ресми экипировкасына сырттай ұқсайтын және сол атпен сатылып жатқан өнімдер пайда болған.
«Мұндай өнімдердің Қазақстан ұлттық құрамасының ресми формасына қатысы жоқ. Қазақстанның мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құрамаға тиесілі белгілері бар өнімдер бөлшек саудада сатылмайды», – деді Балым Адамиденова.
Under Armour брендінің түпнұсқа спорттық киімдерін, соның ішінде ұқсас спорттық костюмдер мен басқа да экипировка түрлерін брендтің ресми дүкендерінен сатып алуға болады. Алайда олардың ұлттық құрамаға арнайы әзірленген нұсқалары сатылымға шығарылмайды.
Министрлік мәліметінше, Under Armour компаниясы брендті заңсыз пайдалану және контрафактілік өнімдерді тарату фактілеріне байланысты құқықтық шаралар қабылдап жатыр.
Ведомство қазақстандықтарды ұлттық құраманың ресми экипировкасы ретінде ұсынылатын жалған өнімдерді сатып алмауға шақырды.


